Жусан иісінен шабыт алған маңғыстаулық биолог диффузор жасап жүр

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстаулық биолог Саясат Кемалова жусаннан хош иісті диффузор әзірлеуді қолға алды. Ол туған өлкенің табиғи өсімдіктерін зерттеп, олардың ерекшелігін өскелең ұрпаққа танытуды мақсат етеді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығы хабарлады.

Фото Саясат Кемалованың жеке архивінен

Жоба авторының айтуынша, жусаннан түрлі өнім әзірлеу идеясы ұстаздық қызметінен басталған. Ол мектепте жұмыс істеген жылдары оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін қосымша білім беру үйірмелерін жүргізген. Сай-Өтес ауылындағы Өтес орта мектебінің жанындағы жылыжайға жетекшілік етіп, онда 70-80-ге жуық өсімдік түрін өсірген.

Фото Саясат Кемалованың жеке архивінен

Биолог өсімдіктердің дәрілік және косметикалық қасиеттерін зерттеп, оқушыларға теориялық біліммен қатар практикалық сабақтар өткізген. Кейін Маңғыстау облыстық Оқушылар сарайында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген кезде де балалармен жұмыс істеуді тоқтатпаған.

Фото Саясат Кемалованың жеке архивінен

Осылайша, жусаннан түрлі өнім әзірлеу идеясы оқушыларға арналған үйірме сабақтарының бір бағытына айналған. Жоба барысында балалар өсімдіктер туралы әдебиеттер мен ғылыми материалдарды оқып, олардың шығу тарихын, қасиеттері мен қолданылу ерекшеліктерін зерттейді. Мәселен, жусан тақырыбы арқылы қазақ халқының тарихы, әдебиеті, аңыздары және туған жерге деген сағынышы да түсіндіріледі.

Фото Саясат Кемалованың жеке архивінен

Саясат Кемалова жусанның қазақ халқының танымында туған жердің символына айналғанын атап өтті. Сондықтан оның мақсаты тек өсімдіктердің қасиетін таныстырумен шектелмейді. Биолог балаларды өздігінен ізденуге, зерттеуге және тәжірибе жасауға баулуды көздейді.

— Қосымша білім берудің артықшылығы — бала үйірмені өз қызығушылығына қарай таңдайды. Сол арқылы өзінің қабілетін байқап, болашақ кәсібіне бағыт алуы мүмкін. Ең бастысы, бала көріп, ұстап, тәжірибе жасау арқылы үйренгенін ешқашан ұмытпайды, — дейді Саясат Кемалова.

Фото Саясат Кемалованың жеке архивінен

Жоба авторы алдағы уақытта өсімдіктердің өзге де түрлерін зерттеп, оларды тәжірибелік сабақтар мен жаңа өнімдер әзірлеуде пайдалануды жоспарлап отыр.

Бұған дейін Астанада Creative Aimaq жобасы аясында Qazaq Creative Hub алаңында ұйымдастырылған «Маңғыстау: Тамыр. Талғам. Креатив» атты екі күндік жәрмеңкенің қорытындысында 33 млн 260 мың теңгенің өнімі сатылғанын жазған едік.