Маңғыстау креаторларының рекордтық жетістігі: екі күнде 33 млн теңгеден астам өнім сатылды

МАҢҒЫСТАУ. KAZINFORM — Астанада Creative Aimaq жобасы аясында Qazaq Creative Hub алаңында ұйымдастырылған «Маңғыстау: Тамыр. Талғам. Креатив» атты екі күндік жәрмеңке аяқталды. Іс-шара қорытындысында 33 млн 260 мың теңгенің өнімі сатылды.

Маңғыстау креаторларының рекордтық жетістігі: екі күнде 33 млн теңгеден астам өнім сатылды
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, жәрмеңкеге Маңғыстау облысының креативті индустрия саласындағы 40 өкілі қатысып, өз өнімдерін көпшілікке таныстырды.

Маңғыстау креаторларының рекордтық жетістігі: екі күнде 33 млн теңгеден астам өнім сатылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Өңірден келген қатысушылар елорда жұртшылығына сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын, дизайнерлік топтамаларды, авторлық туындылар мен жергілікті өндірушілердің өнімдерін ұсынды. Көрмеге қойылған жұмыстар өңірдің мәдени мұрасы мен қолөнерінің ерекшеліктерін танытты. Шеберлердің еңбектерінде ұлттық дәстүр мен заманауи бағыт айрықша үйлесім тапқан.

Маңғыстау креаторларының рекордтық жетістігі: екі күнде 33 млн теңгеден астам өнім сатылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Екі күн бойы көрме, сән көрсетілімдері, музыкалық-поэзиялық қойылымдар, концерттер мен тақырыптық шеберлік сабақтары өтті. Бағдарламада Маңғыстаудың дәстүрлі мәдениетін қазіргі шығармашылық бағыттармен сабақтастыруға мән берілді.

Жәрмеңкені 13 мың адам тамашалады. Іс-шара өңірлік брендтерді таныстырумен қатар, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, өнім өткізу нарығын кеңейтуге және отандық өндірушілердің әлеуетін көрсетуге мүмкіндік берді.

Маңғыстау креаторларының рекордтық жетістігі: екі күнде 33 млн теңгеден астам өнім сатылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Creative Aimaq жобасы өңірлердегі креаторларды қолдауға, креативті индустрия саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға және Қазақстан өңірлерінің шығармашылық әлеуетін кеңінен танытуға бағытталған.