«Ерекше көңіл аударатын проблема бұл - ұрлықтың алдын алу. Ұрлықтың көлемі әрбір өңірде жалпы қылмыстың 60-70 пайызын құрайды. Олар - пәтер, мал, автокөлік, ұялы телефон ұрлығы. Бұл қылмыспен күресу жолында министрлік мақсатты шаралар қабылдауда. Тиісті бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Алайда әкімдіктер оларды қолдауы қажет болады. Ұрлықтың алдын алу үшін тек полицияны ғана емес, жергілікті органдарды, ұйымдар мен мекемелерді, қоғамдық құрылымдарды және халықты жұмылдыру қажет»,- деді Қалмұханбет Қасымов.
Сонымен қатар министр жасөпірімдер қылмысын алдын алуда да кемшіліктер аз еместігін баса айтты.
«Жылдың басынан бастап балалар 1900 қылмыс жасаған. Оның ішінде 13-і кісі өлтіру, 278-і тонау, 46-сы денсаулыққа ауыр зиян келтіру,102-сі бұзақылық, 1 мыңнан астамы ұрлық. Олардың көбін мектеп, гимназия, лицей оқушылары жасаған. Сондықтан мектептегі инспекторлар тәжірибесін дамыту қажет», - деді ол.
Оның дерегінше, қазір мектептерде 2178 инспектор жұмыс істейді. Олар күн сайын мектеп әкімшілігімен, ата-аналар комитеттерімен бірлесіп жұмыс атқарады. Қосымша енгізуді қажет ететін инспекторлар саны - 1900.
«Оларды әрбір мектепке енгізбей балалар арасындағы қылмысты, нашақорлықты жоя алмаймыз. Балалар арасындағы қылмыстың алдын алу үшін кәмелетке толмаған қылмыскерлерді арнайы мектепке жіберу дұрыс болар еді. Еліміз бойынша 500-ден астам баланы арнайы мектепке жіберу қажет»,- деді ол.
Министрдің айтуынша, аталған балалар әлі де тұрғылықты жері бойынша білім алуда.
«Бұл әрине, айналасындағы адамдардың қарсылығын тудырады және осындай балалардың жазасыз қалуына жол береді. Бұл әсіресе құқықбұзушылық жасауға бейім балаларға жағымсыз әсер етеді. Қазір жергілікті полицияның профилактикалық бақылауында 10 мыңнан астам осындай жасөспірім бар. Сондай-ақ 16 мың бала тәрибеленіп жатқан 12 мыңнан астам қолайсыз отбасы бақылауға алынған»,- деді Қалмұханбет Қасымов.