Жыл басынан бері Астана жолдарында 30-дан астам адам мерт болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері елордада 462 жол-көлік оқиғасы тіркелген, салдарынан 31 адам қаза тауып, 499 адам түрлі дәрежеде жарақат алды, деп хабарлады Астана қаласының ІІД әкімшілік полиция басқармасынан.

Осы уақыт аралығында жол қозғалысын бақылаған Астана қаласының ІІД жол-патрульдік полициясы басқармасының қызметкерлері 157,5 мың жол жүру ережесін бұзу оқиғасы болғанын тіркеді. Оның ішінде жүргізушілер 143 мың, жаяу жүргіншілер 14,5 мың рет жолда жүру ережесін бұзған.

Жолда жүру ережесін өрескел бұзғаны үшін 2 мыңға жуық жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылған, 256 жүргізуші әкімшілік қамауға алынды.

Осыған дейін хабарланғандай, 25-27 қыркүйек аралығында Ішкі істер министрлігінің бастамасымен республика аумағында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы жүргізілуде