Жыл басынан бері Қазақстанда 109 адам суға батып кетті, оның 37-сі - балалар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде Қазақстанның су қоймаларында суға батып кеткен адамдар санының өсуі байқалып отыр. ТЖ Комитетінің мәліметтерінше, 2016 жылдың өтіп кеткен кезеңінде 109 адам, соның ішінде 37 бала суға батып кетті.

«Ағымдағы жылдың мамыр айында ғана 45 адам суға батқан, бұл ретте елдің көптеген аумақтарында шомылу маусымы ашылған жоқ. Суға батып кеткендердің жалпы санының 30 пайызы - су қоймаларының қасында ересектердің қарауынсыз қалған балалар (37 оқиға). Адамдардың қаза табуының 34 оқиғасы балық аулау кезінде жеке құтқарушы жабдықтарсыз жүріп, қауіпсіздік ережелерін бұзу себебімен тіркелген», - делінген ТЖ Комитеті баспасөз қызметінің хабарламасында.

Адамдардың суда қаза болуының барлық жағдайлары құтқару бөлімшелері жоқ жабдықталмаған су қоймалары мен жабайы жағажайларда тіркелгенін атап өту керек.