Жыл басынан бері колонияға есірткі өткізу бойынша 30-ға жуық қылмыстық іс қозғалды - ІІМ ҚАЖК

АСТАНА. 10 сәуір. ҚазАқпарат - БАҚ-тардағы есірткіге қарсы насихатқа қарамастан, оны колонияға өткізу мәселесі көкейкесті болып отыр.

Бұл хақында ІІМ ҚАЖК баспасөз қызметі мәлім етті.

Қарағанды облысында кеше АК-159/17 мекемесінің қоршауы арқылы буып-түйілген екі затты лақтыруға әрекеттенген Шахтинск қаласының 35 жастағы тұрғыны құрықталды. Сот-химиялық сараптама онда героин және марихуанна оралғанын анықтаған. Салмағы 64 грамдық героин жүздеген адамның шамадан тыс есірткіге елтуіне жеткілікті еді. Аталмыш оқиғаға сәйкес қылмыстық іс қозғалып, қолға түскен адам уақытша ұстау абақтысына тоғытылды.

ЖД-158/1 мекемесінің (Тараз қаласындағы тергеу изоляторы) мамандары азық-түлікті және киімдерді тінту барысында «Стейт лаин» маркалы темекіге есірткі салынған жеті целофан пакет тапты. Сот-химиялық сараптама мұның героин екенін растады. Сәлемдемені жеткізген әйелге ешқайда кетпеу шарасы қолданылды.

Батыс Қазақстан облысында РУ-170/2 колониясының қоршауынан есірткі лақтыруға тырысқан осы өңірдің 20 жастағы тұрғыны қолға түсті. Тәркіленген героин сағыздың қорабына салынып, скотчпен оралған екен.

ОВ-157/17 мекемесінің (ШҚО Жарма ауданының Шуақ елді мекені) іргелес аумағынан түнгі сағат 11-де ер адам ұсталған. Ол 40 грамм марихуананы қоршау арқылы лақтырған. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.

10 сәуір күні колонияға өткізілмек болған 13 келі есірткі тәркіленді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда екі есе көп. Абақтыға есірткі өткізуге әрекеттенген тұлғалардың үстінен 30-ға жуық қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ режимді нысанға спирттік ішімдік, ақша, ұялы телефон жеткізуге тырысқан тағы 147 адам ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 367 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған.