Жыл сайын 16 мыңнан астам жастар кәсіпсіз қалып жатыр

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Елімізде жыл сайын 16 мыңнан астам жастар кәсіпсіз қалып жатыр. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов осылай мәлім етті.

«Техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы басты мақсат - тұтынушылардың сұраныстарын ескере отырып кәсіптік техникалық білімге теңдей қол жеткізуді қамтамасыз ету және сапаны арттыру. Осыған орай, алдағы уақытта техникалық және кәсіптік білім беру бойынша бірқатар проблемалармен жұмыс істемекпіз. Бірінші, кәсіп алуға қол жеткізудің аумақтық бағдарламалық және қаржылай шектелуін шешуді жоспарлаймыз. Тоқтала кететін жайт, жыл сайын 16 мыңға тарта жастар кәсіпсіз қалып отыр. Олар еш жерде оқымайды, жұмыс та істемейді. Бұлардың сегіз мыңы мектеп бітірушілер болса, қалған сегіз мыңнан астамы - колледждер мен жоғары оқу орнынан шығарылған балалар. Сонымен қатар, 28 мың мектеп бітіруші алғашқы техникалық мамандықты ақылы негізде алып отыр», - дейді А. Сәрінжіпов.

Министр жастарды кәсіппен қамту бағытында білім және бизнес жүйесі арасында әріптестік орнату қажеттігін де алға тартты. Оның айтуынша, бизнесті дамыта отырып, оны кәсіптік және техникалық білім беру саласына қатысуын күшейткен маңызды. Сонымен қатар, ведомство басшысы кадрлар даярлауда еліміздегі Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының басымдықтарымен ұштастырудың қажеттігін де алға тартты. «Соңғы үш жылда кәсіптік және техникалық білім беру саласынан жеті мыңнан астам оқытушылар кетті. Олардың басым бөлігінің жоғары біліктілігі жоқ және еңбек нарығына сұранысқа ие емес», - дейді А. Сәрінжіпов.