Жылу желілерін жөндеу: 1 жоба тоқтатылып, алтауының нәтижесіне шағым түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жылыту маусымына дайындық бойынша жылу желілерін жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл жылумен жабдықтау желілерін жөндеуге 86 млрд 300 млн теңге бөлінді. Оның ішінде 107 шақырым жылу желілерін қайта жөндеу үшін 47 жобаны іске асыруға нысаналы трансферттер түрінде 69 млрд 400 млн теңге бөлінді. Атап айтқанда, Қызылорда, Павлодар, Екібастұз, Степногорск және Көкшетау қаласы бар. Бүгінде 47 жобаның ішінде 19-ы бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр және 11 жоба бойынша желілерді орнату басталды», - деді Марат Қарабаев Үкімет отырысында.

Министрдің мәліметінше, үш айда 7 шақырым жылумен жабдықтау желісі салынды. Бұл жалпы жоспардың 6%.

Сондай-ақ ведомство басшысы баяндағандай, 9 жоба бойынша конкурстық рәсімдер аяқталмаған. Яғни құрылыс басталмаған және шарт жасасу процесі кешіктірілуде.

«Шымкент қаласында және Қызылорда облысында 1 жоба бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу прокуратура және сот қаулысымен тоқтатылды. Сонымен қатар тағы 6 жоба бойынша конкурс нәтижелеріне шағымдану фактілері бар (жалпы сомасы 10 млрд теңге). Осы орайда, техникалық қадағалауды айқындау бойынша конкурсқа шағымдану нәтижелері күтілуде», - дейді ол.