Жылыжайларға көмір жаз айларында жеткізіледі - АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жылыжайларға көмірді ерте жеткізу жұмыстары іске асырылады. Бұл туралы Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жылыжайда көкөніс өсіретіндердің тағы бір проблемасына тоқталсақ, биыл көмірмен қамтамасыз етуде қиындық болды. Маусымдық кезеңде жылыжай шаруашылықтары басқа тұтынушылармен бірге көмір тапшылығын немесе оның қымбаттауын сезінді. Осы проблеманы шешу үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Жол картасын әзірледі. Оған сәйкес жазғы уақытта көмірді алдын ала дайындау, оның ішінде өңірлерде осы отын түрін сату орындарында және тиісті нысандарда жинақтау жұмыстары басталады», - деді Е. Қарашөкеев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жылыжайлардағы электр энергиясы мен газ шығындарына субсидия бөлінбек.

Жыл басында Түркістан облысында көмірдің жоқтығынан жылыжайларды жылыту мүмкін болмай, ондағы көшеттер мен өнімдер үсіп жатқаны хабарланды.