Зорлық-зомбылықтан кейінгі өмір: Астанада әйелдер көлік жүргізуді үйреніп жүр

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге жаңа мамандық меңгеріп, өз бетінше табыс табуға мүмкіндік жасалып жатыр. Атап айтқанда, «Қорғау» дағдарыс орталығының көмегімен әйелдер көлік жүргізуді үйреніп, болашақта курьерлік қызметпен айналыса алады. Бұл туралы орталық басшысы Анна Рыль елордада өткен баспасөз мәжілісінде айтты.

Фото: Алина Төлеубаева/Kazinform

Оның айтуынша, әйелдердің қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуі – орталық жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан мамандар оларды жұмысқа орналастырумен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптерді меңгеруіне де көмектеседі.

– Биыл тоғыз әйел кәсіби оқудан өтті. Оның бесеуі жүргізушілік курсын аяқтаса, қалғандары жиһаз дизайны, SMM және маникюр мамандықтарын меңгерді. Сондай-ақ бір әйелдің медициналық мейіргер мамандығы бойынша қайта даярлау курсының ақысы төленіп, жұмысқа орналасуына қолдау көрсетілді, - деді Анна Рыль.

Бұдан бөлек, inDrive бағдарламасы аясында төрт әйел үш айлық тегін жүргізушілік курстан өткен. Енді оларға автокөлікті лизингке алып, курьер болып жұмыс істеу мүмкіндігін ұсыну жоспарланып отыр.

Орталық басшысының мәліметінше, мұндай бастамалар әсіресе балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған аналар үшін маңызды. Сондай-ақ ерекше күтімді қажет ететін балалары бар әйелдерге де жұмыс пен отбасылық міндеттерін қатар алып жүруге мүмкіндік береді.

Жалпы, 2026 жылы «Қорғау» дағдарыс орталығының көмегімен 41 әйел жұмысқа орналасқан.

– Орталық әйелдердің тұрмыстық жағдайын жақсартуға да жәрдемдеседі. Мәселен, белгілі бір қордың қолдауымен жеті баланың анасына үй сатып алынды. Бұдан бөлек, тағы төрт әйел баспаналы болып, кейбір қызмет алушыларға тұрғын үй кезегін қалпына келтіру және әлеуметтік ипотека рәсімдеу мәселелері бойынша көмек көрсетілді, - деді Анна Рыль.

Айта кетейік, «Қорғау» дағдарыс орталығы Астанада 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Ұйым тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қолдау көрсетеді.

Бұған дейін Астанадағы «Қорғау» дағдарыс орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға ғана емес, зорлық-зомбылық жасаған ер адамдармен жұмыс жүргізуге көңіл бөлетіні хабарланды.