Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған ер адамдармен де жұмыс жүргізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы «Қорғау» дағдарыс орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға ғана емес, зорлық-зомбылық жасаған ер адамдармен жұмыс жүргізуге көңіл бөледі. Бұл туралы орталық басшысы Анна Рыль айтты.

в
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, «Кризисный центр – Корғау» жеке қорының қызметі отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарды қолдаумен шектелмейді. Ұйым жұмысының бір бағыты зорлық-зомбылық жасаған ер адамдармен жұмыс жүргізуді де қамтиды.

– Сонымен қатар, орталық мамандары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарын бастан өткерген балалармен жұмыс істейді. Ал уақытша баспанаға мұқтаж емес әйелдер психологиялық және құқықтық мәселелер бойынша консультациялық көмек ала алады, - деді ол баспасөз мәжілісінде.

Орталықтың мәліметінше, ұйым 2009 жылдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен айналысып келеді. Осы уақыт ішінде әйелдер мен балаларға қолдау көрсету бағытындағы қызмет түрлері қалыптасқан.

– Қазіргі таңда қордың жұмысы бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, мамандар психологиялық, құқықтық, әлеуметтік және медициналық қолдау көрсетеді. Ұйымның басты міндеттерінің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек көрсету, - деді Анна Рыль.

Айта кетейік, «Қорғау» дағдарыс орталығы 2024 жылы 251 адамға, ал 2025 жылы 208 адамға көмек көрсеткен. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша орталық қызметін 212 адам пайдаланған.

Бұған дейін Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоюдың жаңа тетігін ұсынған еді.