Қазақстан астық экспорттайтын нарықтарын сақтап қала ала ма

Ішкі нарықта астық тапшылығы болмайды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Биыл астық тапшылығы болмайды. Былтыр 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 2,5 млн тонна астық бастырылса, биыл 1 қыркүйекте 5 млн тоннадан астам жиналды. Еліміздің ішкі нарығына 6-7 млн тонна астық керек. Осыдан артылғаны экспортқа өткізіледі", - деді Ә. Тамабек Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Вице-министрдің айтуынша, былтыр ұн мен астықты қоса есептегенде шамамен 13 млн тонна экспортталған.
"Биыл өнімділік төмендеуі мүмкін. Алайда астық жинау науқаны аяқталғаннан кейін ғана нақты көлем белгілі болады. Былтыр тура осы кезеңде 11,6 млн тонна астық жиналса, биыл 6,6 млн тонна ғана бастырылды, яғни жауын-шашынға байланысты 40 пайызы бастырылды. 2022 жылы осы уақытта 73 пайызы орылған еді. Тиісті комиссия жұмысын аяқтағаннан кейін нақты көрсеткіштер жарияланады. Себебі қайта көктеп кеткен астық алқаптары бұдан да көп болуы ықтимал", - деді спикер.
АШМ өкілінің пайымынша, экспорт көлемі азайса, астық өткізу нарығын жоғалтып алу қаупі бар.
"Себебі біздің өнімді тұрақты түрде алатын Өзбекстан, Ауғанстан, Түрікменстан, Тәжікстан сияқты мемлекеттер бар. Иран мен Қытай да бізден астық алып жатыр. Осы нарықтарды жоғалтып алуымыз мүмкін. Өйткені биыл Ресейде мол астық жиналды", - деді Әбілхайыр Тамабек.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров күз басындағы толассыз жауыннан диқандарға келген зардаптың көлемін атады. 2,7 млн гектар алқаптағы астық қайта көктеп кеткен.