Қазақстан мен Қытай арасында қос азаматтыққа қарсы іс-қимыл талаптары айқындалды
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келісімді ратификациялау Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының көші-қон және қос азаматтыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастық үшін құқықтық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осы құжат көші-қон саласында ақпарат алмасуға арналғанына тоқталған Ішкі істер министрі Ержан Саденов: «Бұл мәліметтер қос азаматтыққа қарсы күрес, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу тұрғысында қажет. Шартты іске асыратын құзыретті органдар ретінде Қазақстан жағынан Ішкі істер министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ал Қытайдан Сыртқы істер министрлігі мен Көші-қон істері жөніндегі мемлекеттік басқарма белгіленді», - деді.
Оның айтуынша, қазіргі кезде осындай екіжақты келісім бес мемлекетпен бекітілген.
Келісім Қазақстан мен Қытай азаматтарына қатысты көші-қон саласында ақпарат алмасу бойынша өзара іс-қимылды реттейді. Құжатты ратификациялау екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайтуға ықпал етеді.