19 қыркүйек. Туған күн иелері
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 19 қыркүйек тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
50 жыл бұрын (1973) ҚР Президенті Іс басқармасының Медицина орталығы жетекшісінің орынбасары Людмила Витальевна БЮРАБЕКОВА дүниеге келді.
Қарағанды облысы, Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1997 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясын емдеу ісі мамандығы бойынша аяқтады. 2004 жылы Қазақ фармацевтика институтын фармация мамандығы бойынша аяқтады. 2014 жылы Халықаралық бизнес академиясын менеджмент мамандығы бойынша аяқтады. Еңбек жолын 2004 жылы Қарағанды қаласы, Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы клиникалық ауруханада клиникалық фармаколог-дәрігер болып бастады. 2005 жылдан 2007 жылға дейін Қарағанды қаласы, Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы болып жұмыс істеді. 2007-2009 жылдары Орал қаласы, Батыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасы бастығының стратегиялық даму және дәрілік саясат жөніндегі орынбасары. 2009-2010 жылдар аралығында Астана қаласы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің фармацевтикалық қызметті, дәрілік заттардың сапасы мен пайдаланылуын бақылау басқармасының бастығы. 2010 жылдан 2010 жылға дейін Астана қаласы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті төрағасының орынбасары. 2011 жылы Астана қаласы, Республикалық балаларды оңалту орталығының стратегиялық даму және пациенттердің қауіпсіздігі басқармасының бастығы. 2011 жылдан 2012 жылға дейін Астана қаласы, Ұлттық медициналық холдингтің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бас менеджері. 2012 жылдан 2013 жылға дейін Астана қаласы, Ұлттық медициналық холдингтің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры. 2013-2014 жылдар аралығында Астана қаласы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық санитариялық авиация орталығының оқу-клиникалық бөлімінің бастығы. 2014 жылы Астана қаласы, Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының вице-президенті. 2014 жылдан 2015 жылға дейін Астана қаласы, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының бас инспекторы. 2015 жылдан бастап 2017 жылдың шілдесіне дейін Астана қаласы, Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы басшысының орынбасары. 2017 жылдан 2019 жыл аралығында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы. 2017-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы; Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі.
Қазіргі қызметін 2020 жылдан атқарып келеді.
48 жыл бұрын (1975) Қазақстанның Сиань қаласындағы бас консулы ҚЫРАУБАЕВ Жошыхан Асылбекұлы дүниеге келді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (1998), Көкшетау университетін «шығыстанушы-филолог», «қытай тілінің мұғалімі», «аудармашы-референт», «заңгер» (2003) мамандықтары бойынша тәмамдаған. Тарих ғылымдарының кандидаты (2010).
Еңбек жолы: Қазақстан Республикасы СІМ Консулдық қызмет департаментінің жетекші маманы, референті, атташесі (1998-2000); Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан Республикасы елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы (2000-2023); ҚХР, Үрімші қаласындағы Қазақстан Республикасы СІМ аспорт-визалық қызметінің үшінші хатшысы (2003); Қазақстан Республикасы СІМ Консулдық қызмет департаментінің үшінші хатшысы (2003-2004); Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің вице-консулы, бірінші хатшы – консулы, кеңесші – консулы (2004-2009); Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасы Гонконг АӘА және Макао АӘА-ғы бас консулы (2009-2010); Қазақстан Республикасы СІМ Азия және Африка департаменті директорының орынбасары (2010-2012); Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасы Шанхай қаласындағы Бас консулы (2015-2020); Қазақстан Республикасы СІМ Консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары (2020-2021); Қазақстан Республикасы СІМ Азиялық-Тынық мұхиты өңірі департаментінің директоры (2021-2023).
2023 жылдың наурызынан ҚХР Сиань қаласындағы Қазақстан Республикасының бас консулы.
45 жыл бұрын (1978) Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі аппарат басшысының орынбасары Дархан Аманбекұлы МЕДЕУБАЙ дүниеге келді.
Білімі жоғары: Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, инженер; Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университеті, қаржы бакалавры. Еңбек жолын 2002 жылы Қарағанды қалалық салық комитетінде бас маман болып бастады. 2005-2009 жылдары - Қарағанды облысы әкімі аппаратының бас маманы. 2009-2012 жылдары - «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Бірінші орынбасарының көмекшісі, «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты Ұйымдастыру-партиялық жұмыс жөніндегі департаменті директорының орынбасары. 2012-2014 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аппаратында Халықаралық байланыстар және Хаттама бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Мәжіліс Төрағасының көмекшісі, Ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Мәжіліс Төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарды. 2014-2015 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Протоколының инспекторы. 2015-2016 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары. 2016 жылдың маусым айынан бастап - ҚР Парламенті Мәжілісі Аппараты Басшысының орынбасары. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен наградталған.
39 жыл бұрын (1984) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Көбентайұлы ДАРБАЕВ дүниеге келді.
Ақмола облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, Warwick университетін («Болашақ» бағдарламасының стипендиаты) тәмамдаған.
Еңбек жолын 2005 жылы ҚР Қаржы министрлігінің құрылымында бастаған. Түрлі жылдары «Бәсекелі саясатты дамыту және қорғау орталығында», Алматы облысы бойынша Монополияға қарсы басқармада бәсекелестікті қорғау бөлімінің бас маманы, басшысы қызметтерін атқарған. 2013-2014 жылдары ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінде Квазимемлекеттік сектор және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары, Мемлекеттік кәсіпорындар мен қосылуларын бақылау департаментінің директорының орынбасары болды. 2014-2015 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Мемлекеттік кәсіпорындар мен қосылуларын бақылау басқармасын басқарды. 2015-2017 жылдары — ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасының орынбасары. 2017-2019 жылдары ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары болып еңбек етті.
Қазіргі қызметінде 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған (2019). «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының Алғыс хатын алған (2016).
35 жыл бұрын (1988) Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының әкімі РАХМЕТҚАЛИЕВ Думан Есдәулетұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Халықаралық Прага университеті (2011) мен Қазақ-Америка еркін университетін (2016) тәмамадаған.
Еңбек жолы: «Теплоэнергоснаб» ЖШС экономисі (2011); «Қазатомпром-Демеу» ЖШС бас маманы (2013); «Орман және аңшылық шаруашылығына жедел ден қою жасағы» КММ инспекторы (2014); бағдарламашы, инвесторларға қызмет көрсету орталығының бас менеджері, активтерді басқару департаментінің директоры, «Ертіс «ӘКК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары (2014-2019); Шығыс Қазақстан облысы қаржы басқармасының басшысы (02.2020-04.2023);
Қазіргі қызметін 2023 жылдың сәуірінен атқарып келеді.
Сондай-ақ бұл күні мына кісілер өмірге келген:
118 жыл бұрын (1905-1983) ақын Асқар ТОҚМАҒАМБЕТОВ дүниеге келді.
Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ташкент политехникумын, Мәскеу Баспа институтын бітірген. «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Ара» журналында қызмет істеген. Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент, Қызылорда облыстары бойынша жауапты хатшысы болған. 1928 жылдан бастап өлеңдері мен поэмалары, очерктері мен фельетондары жеке кітап болып басылып шықты. Отан соғысы жылдарында жауынгерлердің майдандағы ерліктерін, халықтар достығы, соғыстан кейінгі жылдарда бейбіт өмір тынысын өз шығармаларына арқау етті. «Хат», «Бақыт кілті», «Қаскелең», «Өмірге жол», «Агроном көктемі», «Батыр Әли», «Ақын тағдыры», «Кремль сақшысы», «Ажалды жеңген алыптар», «Батырлар дастаны», «Уборщица», «Берлин көшесінде», «Испания», «Қараңғы түнде», «Рейн жағасында» поэмаларының, «Біздің Сәуле», «Қош аман бол», «Бәтиманың хаты», «Күт мені», «Сүйген жарға» тағы басқа әнге арналған өлеңдерінің, Ыбырай Жақаев өмірін бейнелейтін «Қыран тұғырдан ұшады», Қазан төңкерісінің қарсаңындағы ауыл өмірін суреттейтін «Ақмоншақ» (О.Бодықовпен бірге), «Қарбаласта» повестері мен романдарының, «Жыр күмбезі» атты тарихи романның авторы. «Екі заң», «Сайлау», «Алдар Көсе», «Бір семья» атты пьесалары бар. С.Айнидің «Құлдар» романын қазақшаға аударды. Қазан төңкерісі, І дәрежелі Отан соғысы, үш рет Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.