Тағы бір Қарақалпақстан азаматы Алматыдағы тергеу изоляторынан босатылды

16 қыркүйекте қарақалпақ диаспорасының өкілі Ақылбек Мұратбай түнде Алматыдағы тергеу изоляторынан тағы бір белсенді – Раиса Құдайбергенова босатылғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тағы бір қалақалпақ белсендісі Алматыдағы тергеу изоляторынан босатылды
Фото: Тwitter.com

«Өткен түнде қарақалпақ белсендісі – Раиса Құдайбергенова Алматыдағы тергеу изоляторынан шықты. Ол бір жыл бұрын Нүкістегі наразылық шараларынан кейін Өзбекстанның жалған айыптауларымен тұтқындалған болатын. Жалпы Өзбекстан сұранысымен Қазақстанда 5 белсенді ұсталды. Оның 3-еуі қамаудан шықты», - деп жазды Мұратбай әлеуметтік желіде.

Раиса Құдайбергенова – қамаудан босатылған үшінші белсенді. Бұған дейін Қазақстанның оңтүстік астанасындағы тергеу изоляторынан Қошқарбай Төремұратов пен Жангелді Жақсымбетов босатылғанын жазған болатынбыз.

Белсенділер бір жыл бұрын Өзбекстан билігінің өтінішімен ұсталған. Олар конституциялық құрылымға қол сұқты деп айыпталды. Қазіргі уақытта тағы екі қарақалпақ белсендісі Зиуар Мирманбетова мен Тілеубике Юлдашева қамауда отыр.
2022 жылдың 1 шілдесінде Нүкіс, Мойнақ және басқа да қалаларда Қарақалпақстанның тәуелсіздігін жоятын Конституция түзетулеріне қарсы наразылық шаралары болды. Бірақ билік өкілдері оны билікті басып алу амалы деп бағалап, акция қатысушыларына қарсы күш қолданды. Ресми деректер бойынша, наразы топты тарату кезінде 21 адам қаза тауып, 243 тұрғын жараланған.

Соңғы жаңалықтар