Әлібек Қуантыров: Қытай экономикасын 20-30 жылда қуып жетуге болады
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Мәжіліс отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына кіруге қауқарлы екенін айтты.

«Қазақстан Қытай сияқты елдерден экономиканың дамуы жөнінен неше жылға артта қалып келеді? Еуропаның дамыған елдеріне қашан жетеміз?», - деп сұрады БАҚ өкілі министрден.
Әлібек Қуантыров оңтүстіктегі көрші елдің экономикасы неліктен қарқынды дамып жатқаны туралы пайымын айтты.
«Қуып жетуіміз мүмкін. Бірақ оны серпінді жасауымыз керек. Мысалы, Қытайда 1,5 млрд адам бар. Қазақстан халқынан саны неше есе көп екенін салыстырып көріңіз. Әрине, ол жерде адами капитал бар. Оның да ресурстары бар. Ең бастысы, біздің қиыншылығымыз – ашық теңізге жол жоқ. Ол бізге қосымша шығындар әкеледі. Ал Қытайда ашық теңізге жол бар», - дейді министр.
Ведомство басшысы Қытай экономикасы мен Қазақстан экономикасының арасындағы даму алшақтығын 30 жылда еңсеруге болады деп есептейтінін айтады.
«Қанша жылға артта қалғанын есептеу керек. 20-30 жылда жетуге болады. Себебі алдымызға дамыған 30 елдің қатарына ену туралы мақсат қойып отырмыз ғой. Менің пікірімше, ол мүмкін», - деді Әлібек Қуантыров.