Kaspi басшысы Ломтадзе мен Bloomberg тілшісі арасындағы сөзталас
Алматыда өткен «Kazakhstan Growth Forum» конференциясында Kaspi.kz басшысы Михаил Ломтадзе мен Bloomberg сайтының журналисі Нариман Гизитдиновтың арасында пікірталас туындады. Әңгіме экономикалық саясат пен Қазақстандағы БАҚ қызметіне қатысты болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тілші Нариман Гизитдинов Михаил Ломтадзеге: «Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің кепілсіз кредиттерге қазіргі жылдық тиімді мөлшерлемені 56%-дан 44%-ға дейін төмендетуін Kaspi.kz банкі қолдай ма?», – деген сауал қойды.
Сондай-ақ журналист аталған өзгеріс компанияның бизнес-моделіне қалай әсер ететіндігіне қызығушылық танытты.
Kaspi.kz басшысы жауап ретінде ставканы төмендету компанияның бизнес-моделіне ешқандай әсер етпейтінін мәлімдеп, ставканы төмендетудің негіздемесі туралы тілшінің өзіне сұрақ қойды.
Нариман Гизитдинов өзін реттеуші емес екенін айтып, сұраққа жауап бере алмайтынын жеткізді.
Одан әрі Михаил Ломтадзе журналиске Қазақстанға қатысты тек жағымсыз дүниелерді байқап, жазатынын ашық атап өтті. «Экономикаға құйылып жатқан инвестициялар туралы неге жазбасқа?», – деп ұсыныс айтты.
«Сіз Қазақстанға тұрақты инвестиция құю туралы ең болмағанда, бір мақалаңызды көрсете аласыз ба? Қазақстан туралы тек жағымсыз жайтты жазасыз. Мен сізге ставканы төмендетудің негіздемесі туралы айтайын. Қарыз жүктемесін азайту үшін мөлшерлемені 56-дан 40%-ға дейін төмендету керек. Баға арзандаса тауарға не болады? Тауарды көптеп сатып алады. Ставканың төмендеуі мен жүктеменің төмендеуі арасындағы байланыс қандай? Тауардың бағасы неғұрлым арзан болса, соғұрлым көп сатып алынады», – деді компания басшысы.
Журналист өз кезегінде спикерден: «Егер бәрі ойдағыдай жұмыс істесе, мөлшерлемені төмендету үшін реттеушінің әрекеттеріне саяси араласу не үшін қажет болды?», – деп тағы сұрады. Бұған жауап ретінде М. Ломтадзе аталған жайтқа ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді.