Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі саммитіне қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Президенті Каталин Новакпен бірге БҰҰ-ның «Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу жолындағы прогресті жеделдетудің негізгі өтпелі процестеріне қатысты ауқымды іс-қимылдарды жандандыру» атты Көшбасшылар диалогының бірінші сессиясында төрағалық етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Тоқаев БҰҰ
Фото: Aqorda

Мемлекет басшысы өз сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі күн тәртібі бүгінгі өскелең ұрпақтың жарқын болашақ құруына берілген бір ғана мүмкіндік екенін атап өтті.

Геосаяси қақтығыстарға байланысты шиеленісе түскен қазіргі жаһандық сын-қатерлер біздің ұжымдық күш-жігерімізге нұқсан келтіріп отыр. Бұл кедергілерді еңсеруге жекелеген мемлекеттің шамасы жетпейді. Әлемдік қоғамдастықтың бірлігінің арқасында ғана елеулі жетістіктерге қол жеткізе аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан үшін Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу – ұлттық басымдық.

Орнықты даму қағидаттары біздің негізгі ұлттық стратегияларымыз бен бағдарламаларымыздың өзегіне айналды. Бүгінде орнықты болашаққа белсенді түрде инвестиция құйып отырмыз. Мемлекет бюджетінің 80 пайызы орнықты даму мақсаттарына сай келеді. Біз тегін білім алудың және денсаулық сақтаудың баршаға қолжетімді болуын қамтамасыз етеміз. Жаңа Әлеуметтік кодексте халықтың осал топтарын қорғау шаралары күшейтілді, – деді Мемлекет басшысы.

Сессия барысында Мажарстан Президенті Каталин Новак, Хорватия Президенті Зоран Миланович, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, ОАР Президенті Сирил Рамафоса, Аустрия Президенті Александр Ван дер Беллен, Перу Президенті Дина Болуарте, Гайана Президенті Ирфан Али, Микронезия Президенті Уэсли Симина, Солтүстік Македония Президенті Стево Пендаровски, Финляндия Президенті Саули Ниинистё және басқалар сөз сөйледі. 

Соңғы жаңалықтар