Анна Данилина Мексикадағы турнирде ұтылып қалды

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 32-ракеткасы Анна Данилина Гвадалахара (Мексика) WTA 1000 турнирінде ұтылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Данилина
Фото: из открытых источников

Ірі жарыстың 7-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина мен қытайлық Чжаосюань Ян алғашқы айналымда америкалық Алисия Паркс – бельгиялық Янина Викмайермен сынға түсті.

Бірінші партияда алдымен америкалық-бельгиялық жұп алға шыққанымен, Данилина мен Ян таразы басын теңестірді. Дегенмен тай-брейкте Паркс пен Викмайер сәтті ойнады – 7:6 (7:5).

Есесіне екіншісінде қазақстандық-қытайлық жұп бірден алға кетті. Ақыры сетті тағы бір брейкпен бітірді – 6:2. Алайда супер тай-брейкте жеңіс қарсыластарының еншісінде кетті – 7:10.

Бір сағат 39 минутқа созылған бәсеке барысында Данилина – Ян 1 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын өз есептеріне жазды. Паркс – Викмайер 2 эйс, 1 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Қытайдағы турнирде өнер көрсететінін жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар