Қазақстан Жазушылар одағы қытай баспа компаниясымен келісімшарт жасады

Қазақстан Жазушылар одағына Phoenix Publishing & Media Group баспа директоры Фан Мин, Phoenix Science press президенті Фу Мэй, «Цзянсу Феникс» әдебиет және өнер баспасының президенті Чжан Цзай Цзянь бастаған компанияның бірнеше өкілі келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Жазушылар одағы қытай баспа компаниясымен келісімшарт жасады
Фото: Жазушылар одағының баспасөз қызметі

Одақтың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қонақтарды Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы қарсы алып, Жазушылар одағының тарихымен, қазіргі атқарып жатқан жұмыстары, келешектегі жоспарлары жайында баяндап берді.

Кездесу барысында, қонақтар қытай қаламгерлерінің «Алтын өзен» (Лу Минь), «Баллада» (Ван Яо), «Чжунгуаньцундағы сергелдең» (Сюй Цзэчэнь), «Жүрегімнің мекені – Дуньхуан» (Фань Цзиньши), «Бэмба» (Лю Лянчэн), «Мені ұмыт» (Сюй Фэн), «Он мың құс ұясына оралғанда» (Хэ Цзяньмин) атты кітаптарын қазақ тіліне аударып, Қазақстанда басып шығару, тарату жөнінде ұсынысын жеткізді. Мұнан тыс, әр жылы қазақтың бес, қытайдың бес қаламгерінің шығармаларын екі елде жарыққа шығарып отыруға уағдаласты.

Айта кету керек, Phoenix Publishing & Media Group – Қытайдағы жаһандық рейтингте 10-орында тұрған ең ірі баспа корпорациясы.

Кездесу соңында Қазақстан Жазушылар одағы мен Yilin Press Ltd компаниясы 5 жылдық ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойды.

Соңғы жаңалықтар