Ливияда наразы топ қала мэрінің үйін өртеп жіберді

Ливияның Дерна қаласында өткен аптада болған алапат су тасқынына байланысты билік тарапынан тиісті шара қабылданбағандықтан жүздеген наразылық білдіруші қала мэрінің үйін өртеп жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС News басылымына сілтеме жасап. 

Ливияда наразы топ қала мэрінің үйін өртеп жіберді
Фото: aa.com.tr

Дүйсенбі күні кешке шерушілер қаладағы Сахаба мешітінің алдына жиналып, Ливия үкіметінің жоғары лауазымды шенеуніктерін жұмыстан босатуды талап еткен. Нәтижесінде Дерна қалалық кеңесі толығымен таратылды.
Тозығы жеткен екі бөгет құлап, қаланы су басып, 10 мыңнан астам адам ресми түрде із-түзсіз жоғалғандар тізіміне енгізілді.

«БҰҰ-ның іздестіру-құтқару топтары, жедел медициналық жәрдем бригадалары Дернадағы құтқару жұмыстарын ары қарай жалғастырады», - деді ұйым өкілі.

Наразылық білдірушілер қала билігі алда болатын жауынның көп мөлшері туралы ескертпегенін айтады. Олар эвакуациялауға бұйрық бермей, үйде қалуға кеңес берген. Ал ресми тұлғалар бұл ақпаратты жоққа шығарады.
Ұзақ уақыт көшбасшы болған Муаммар Каддафи орнынан құлағаннан кейін билік үшін күреске ұшыраған Ливияда қазіргі уақытта екі үкімет бар: бірі Триполиде және екіншісі елдің шығысындағы әскери қолбасшы генерал Халифа Хафтардың қолдауындағы үкімет.