Шетелдіктер Қазақстан емханаларына қалай тіркеле алады

Астананың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Төлеуова шетел азаматтарының Қазақстанда медициналық көмек алу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шетелдіктер Қазақстан емханаларына қалай тіркеле алады
Фото: ҚазАқпарат

«Бұдан былай Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттары емханаға тіркелу үшін ерікті медициналық сақтандыру полисін сатып алатын болды. Олар емхананың тіркеу бөліміне барып, өтініш жазуы керек. Азаматтығы жоқ, Қазақстанға уақытша немесе бас сауғалап келгендер де ерікті медициналық сақтандыру туралы келісімшарт негізінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымға тіркеледі. Аталған келісімшарт күші жойылғанда олар да медициналық ұйымнан автоматты түрде шығарылып отырады», - деп түсіндірді А. Төлеуова Астана коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Спикердің айтуынша, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымға жүгінгенде мамандар тіркеу туралы өтінішті медициналық ақпараттық жүйеге жібереді.

Тіркеу туралы өтініш немесе нақты себебі бар бас тарту шешімі 1 жұмыс күні ішінде қабылданады. Бұл мемлекеттік қызмет Электронды үкімет порталында көрсетіледі.

Айта кетейік, жыл сайын елімізде 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін емхананы еркін таңдау науқаны өтеді.

Азаматтар өзінің тұрғылықты шегі бойынша емханалардың бірін таңдай алады. Пациент қызметтер пакетін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ала бастайды, яғни 31 желтоқсанға дейін бұрын тіркелген емханаға қаралуды жалғастырады. 

Сондай-ақ, науқас басқа елдімекенде (іссапарда, қонақта) ауырып қалса, шұғыл медициналық көмек алу үшін жақын маңдағы медициналық ұйымға жүгіне алады немесе жедел медициналық жәрдем бригадасын шақыра алады.