Биыл Алматыда өндірістегі жазатайым оқиғалардан 4 адам қайтыс болды

Жыл басынан бері Алматыда өндірісте 59 жазатайым оқиға тіркеліп, 4 жұмысшы көз жұмды. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде қалалық еңбек инспекциясының басшысы Еркінбек Әмірғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

оқиға
Фото: russiansu.ru

«Мегаполисте өндіріске байланысты 59 жазатайым оқиға тіркелді. Осы жағдайлардың салдарынан 4 адам қайтыс болып, 26 жұмысшы ауыр, 30-ы жеңіл жарақат алды»,- деді спикер.

Сонымен қатар, ол Алматы қаласының еңбек инспекторлары 45,3 млн теңге сомасына 321 заңды тұлғаны жауапқа тартқанын атап өтті.

«Жыл басынан бері азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мақсатында жоспардан тыс 522 тексеру жүргізілді. Осы тексерулер барысында еңбек заңнамасы нормаларының 783 бұзушылығы анықталып, заң бұзушылықтарды жою туралы 387 ұйғарым берілді. Жеке және заңды тұлғалардың 3 903 өтініші қаралды, бұл азаматтар мен ұйымдардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша белсенділігінің жоғары екендігін көрсетеді», - деді Еркінбек Әмірғалиев.

Спикердің мәліметінше, 285-тен астам кәсіпорында 708,7 млн теңгеге жалақы бойынша берешек өтелді, бұл 1 231 қызметкердің еңбек құқығын қорғауға мүмкіндік берді. Алайда, екі кәсіпорында 182 қызметкер алдында 97,5 миллион теңге сомасында ағымдағы берешек қалып отыр.

«Қала кәсіпорындарында жасалған 27 698 ұжымдық шарттың мониторингі мен тіркелуі жүзеге асырылды. Жыл басынан бастап 155 ұжымдық шарт жасалды», - деп толықтырды ол.

Мемлекеттік органның мәліметінше, Алматыда барлығы 110 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, онда 900 мыңға жуық жалдамалы жұмысшы жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар