Чемпиондар лигасы: «Реал Мадрид» «Унион Берлинді» әрең жеңді

Бүгін футболдан UEFA Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің бірінші туры аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

реал
Фото: Reuters

Бұл күні A, B, C, D топтарындағы командалар өзара кездесті.

С тобында ойын көрсететін испаниялық «Реал Мадрид» өз алаңында Германияның «Унион Берлин» командасын қабылдаған еді.

Германиялық клуб биыл өз тарихында тұңғыш мәрте Чемпиондар лигасы топтық кезеңінде бақ сынап отыр. Соған қарамастан азулы қарсыласына лайықты төтеп бере білді. Алаң иелері толассыз шабуылға көңіл бөлді. Десе де соңғы минуттарға дейін қарсылас қақпасынан саңылау таба алмай жатты.

Ойынның 94-минутында Джуд Беллингем соққан жалғыз гол «Реал Мадрид» командасына жеңіс алып келді.

Осылайша испаниялық команда қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.

Алғашқы турдағы өзге ойын нәтижелері төмендегіше:

А тобы: «Бавария» (Германия) - «Манчестер Юнайтед» (Англия) — 4:3, «Галатасарай» (Түркия) - «Копенгаген» (Дания) — 2:2

В тобы: «Севилья» (Испания) - «Ланс» (Франция) — 1:1, «Арсенал» (Англия) - ПСВ (Нидерланд) — 4:0

С тобы: «Реал Мадрид» (Испания) - «Унион Берлин» (Германия) — 1:0, «Брага» (Португалия) - «Наполи» (Италия) — 1:2

D тобы: «Бенфика» (Португалия) - «Ред Булл Зальцбург» (Австрия) — 0:2, «Реал Сосьедад» (Испания) - «Интер» (Италия) — 1:1

Аталған турнирдің екінші тур ойындары 3 және 4 қараша күндері өткізіледі.

Еске салсақ, бұдан бұрын E, F, G, H топтарындағы командалар өзара кездесті.

Соңғы жаңалықтар