Атырау тұрғындары 270 млн теңгенің салығын әлі төлемей жүр

Атырау қаласының тұрғындары 270 млн теңгенің салығын әлі төлемей жүр. Оның ішінде көлік салығына берешек көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Атырау тұрғындары 270 млн теңгенің салығын әлі төлемей жүр

Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Нұрболат Сармановтың дерегіне қарағанда, жыл басында жергілікті салық бойынша берешек 400 млн теңгеге жеткен.

«Қазір салық берешегі 50%-ға азайып отыр. Бірақ әлі салығын төлемей жүргендер бар. Мәселен, 4 900 адамның көлік салығына 244 млн теңге, 5 300 адамның мүлік салығына 24 млн берешегі бар. Ал 1 400 адам жер салығы үшін 2 млн теңгені әлі төлеген жоқ», - деп хабарлады Нұрболат Сарманов.

Оның айтуынша, биыл жергілікті салық бойынша 203 млрд теңге түсім жоспарланған.

«Жыл басынан бері жергілікті салықтар бойынша 248 млрд теңге түсіп, жоспар 22%-ға артық орындалды. Оның ішінде мүлік салығы 36, ал көлік салығы 17%-ға артты. Салық түсімі алдыңғы жылмен салыстырғанда 74 млн теңгеге көбейді. Әсіресе, көлік салығынан 14 млн, жылжымайтын мүлік салығынан 59 млн теңге артық түсті», - деп хабарлады Нұрболат Сарманов.

Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулықтар көлікке 312,8 млн теңге салық төлемегенін хабарлаған болатынбыз.

«Басқа салық түрлерімен салыстырғанда, көлік салығы едәуір көбейіп отыр. Уақытылы төленбеген жағдайда көлік салығына сот орындаушылары арқылы мәжбүрлеп өндіргені үшін қосымша 25% ақы алынады. Көлік салығының берешегін төлеп үлгеру үшін 1 жыл 3 ай уақыт берілді. Алдағы уақытта осындай фактілер тағы да анықталса, оны тұрғындарға ашық көрсететін боламыз», - деген еді Нұрболат Сарманов.

Соңғы жаңалықтар