Юлия Путинцева Қытайдағы турнирде өнер көрсетеді
Қазақстанның екінші, әлемнің 81-ракеткасы Юлия Путинцева Қытайдағы Гуанчжоу WTA 250 турнирінде өнер көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 213-орында тұрған қытайлық Ю Сяодимен шеберлік байқасады.
Жергілікті теннисшіні жеңген жағдайда Ю.Путинцева әлемнің 76-ракеткасы, даниялық Клара Таусонмен ширек финалға шығу үшін таласады. К.Таусон бүгін рейтингте 117-сатыдағы Чехияның 18 жастағы жұлдызы Линда Фрухвиртованы жолдан тайдырды – 6:2, 7:6 (8:6).
Жүлде қоры 259 303 АҚШ долларына бағаланған Гуанчжоу жарысы 23 қыркүйекте мәресіне жетеді.
Өткен аптада Ю.Путинцева жұптық сында ресейлік Анна Калинскаямен бірге Осака (Жапония) WTA 250 додасының финалисі атанған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлем рейтингінде бір позицияға төмен түсіп қалғанын жазған болатынбыз.