Тығыз құрылысқа жол жоқ: 1 қаңтардан жаңа талаптар енгізіледі
2024 жылы 1 қаңтарда заңсыз құрылысты болдырмауға бағытталған бірыңғай қала құрылысы сараптамасы қолданысқа енеді. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Жүнісбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, барлық құрылыс жобалары кешенді қала құрылысының мемлекеттік сараптамасынан өтеді. Мемлекеттік бақылауды күшейту бойынша жаңа құралдар әзірленіп, ішінара енгізілді және саланы автоматтандыру, цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Атап айтқанда, өңірлерде қала құрылысын дамытудың жүйелі жоспарының болмауынан және архитекторлардың салынып біткен территорияны одан сайын тығыздауынан жұмыс істеп тұрған инженерлік желілердің қуаты жетпей, шамадан тыс жүктеме түскенін, әлеуметтік нысандардың, рекреациялық аймақтардың жақын қолжетімді болмауын, жол инфрақұрылымындағы кептелістерді көріп отырмыз. Атап айтқанда, әкімдіктер егжей-тегжейлі жоспар әзірлеу кезінде бас жоспардың жобалық шешімдерінен негізсіз ауытқып кетеді, негізгі жоспарда жалған деректерді жазады, инфрақұрылымсыз бейберекет құрылысқа, егжей-тегжейлі жоспарды заңсыз түзетуге жол береді», –деп сынға алды Б. Жүнісбеков.
Осыған байланысты 2020 жылдан бері комитет архитекторларға түрлі бұзушылықтар үшін 218 әкімшілік хаттама шығарған.
«Сапалы Қала жоспарлауды қамтамасыз ету және заңсыз бейберекет, тығыз құрылысқа жол бермеу үшін биыл 5 сәуірде қол қойылған Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын енгізу жөніндегі заң шеңберінде Бірыңғай қала құрылысы сараптамасы енгізіледі. Тиісті өзгерістер 2024 жылғы қаңтардан бастап күшіне енеді, онда жаңадан әзірленген және түзетілген қала құрылысы жобалары мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпараттық жүйесіне міндетті түрде тіркеліп, «Мемсараптама» РМК-да кешенді қала құрылысы сараптамасынан өтетін болады», – деп түсіндірді комитет өкілі.
Қала құрылысы сараптамасынан өтпеген және оң қорытындысын алмаған барлық деңгейдегі қала құрылысы жобалары бекітілмейді және одан әрі іске асырылмайды. Осылайша, қабылданған заң азаматтардың өзекті және қызықтыратын проблемаларын, оның ішінде жер учаскелерін беру және қала құрылысы құжаттамасы болмаса да құрылысқа рұқсат беру секілді проблемаларын шешуге мүмкіндік бермек.