Батыс Қазақстанда 175 тонна пішен жанып кетті

Батыс Қазақстан облысында 175 тонна пішен жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстанда 175 тонна пішен жанып кетті
Фото: БҚО ТЖД

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 19 қыркүйек күні Теректі ауданында болған.

«Сағат 16.37-де Долинный кентінен 7 шақырым жерде «Әлижан» шаруа қожалығының қорасы өртеніп жатқаны жөнінде хабар түсті. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер шамамен 300 шаршы метр аумақта 175 тонна пішеннің (700 орам) жанып жатқанын анықтады. Зардап шеккендер жоқ. Тілсіз жау сағат 20.32-де оқшауланып, 20 қыркүйек күні сағат 00.20-да ауыздықталды. Қазір өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталу үстінде», – деп хабарлады ведомстводан.

Департамент мәліметі бойынша жыл басынан бері облыста барлығы 413 өрт тіркелсе, соның 38-і шөп қорасында болған.

Соңғы жаңалықтар