Футзалдан ӘЧ: Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінде екінші рет жеңіске жетті
Қазақстан құрамасы футзалдан 2024 жылғы әлем чемпионаты элиталық іріктеу кезеңіндегі екінші ойынын Румынияға қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел құрамасы А тобында сынға түседі. Қарсыластары – Румыния, Әзербайжан және Нидерланд құрамалары.
Бүгінгі кездесуде қазақстандық футзалшылар алғашқы минутта жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде 2-минутта Джуниор Дуглас есеп ашты. Оған қарсыластар бір голмен жауап қайырды.
Одан кейін Альберт Ақбалықов 11, Эдсон Гомеш 16-минутта Қазақстан құрамасының басымдығын арттырды. Ал 20-минутта Біржан Оразов мергендік танытты.
Ендігі кезекте қарсылас құрама қақпашысын бесінші ойыншыға алмастырып, екі гол соғып кетті.
Осылайша ел құрамасы қарсыласынан 4:3 есебімен басым түсті.
Еске салсақ, бұдан бұрын футзалдан Қазақстан құрамасы Нидерландтан басым түсті.
Айта кетсек, екінші іріктеу сатысында қазақстандық футзалшылар Черногория (7:0, 5:1) мен Словенияны (2:0, 3:3) артта қалдырып, өз тобында бірінші орын алды.
Енді ел құрамасы 6 қазанда сырт алаңда Әзербайжанмен шеберлік байқасады.