«Қазақстан» спорт кешенінің құрылысы неге тоқтап тұр: Астана әкімінің жауабы
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек «Қазақстан» спорт кешенінің құрылысы қашан аяқталатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әкімнің айтуынша, қазір нысанның құрылысы тоқтап тұр. Себебі инвестор жұмысын толық жүргізе алмаған.
«Спорт кешені апатты жағдайда болған соң екі жыл бұрын нысанды жаңғырту жұмысы басталған еді.
Өкінішке қарай, инвестор құрылыс жұмысын толық жүргізе алмады. Жұмыс бір орында тоқтап тұр деуге болады.
Дегенмен бір кездері танымал болған нысанның осындай күйде тұруына біз жол бермейміз. Сондықтан қосымша қаржыландыру көздерін қарастырып жатырмыз», – деп жазды әкім Instagram-парақшасында.

Бүгін Ж.Қасым, сондай-ақ Қажымұқан Мұңайтпасов көшесінде салынып жатқан спорт орталығының («Қазақстан» спорт кешені жанында) құрылыс басына барды. Нысанның жалпы ауданы 10 мың шаршы метрден астамды құрайды.
Жоспар бойынша онда үстел теннисі үйірмелері, футбол, баскетбол, волейбол залдары, IT үйірмелері – lego және киберспорт, қыш шеберлігі мектебі, шахмат, күрес, бокс залдары және тағы басқасы болады. Бұл спорт орталығы келесі жылы ашылады деп жоспарланып отыр.
«Бұдан бөлек, қалада бұқаралық спортты дамыту үшін дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салып жатырмыз, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептері мен федерацияларды қолдаймыз, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) және өзгесін абаттандырамыз», – дейді Астана басшысы.
