«Канал-Перехват» операциясы: ҰҚШҰ-ға мүше елдер аумағында 2,5 тонна есірткі тәркіленді
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) халықаралық есірткіге қарсы «Канал-Перехват» операциясы аяқталды. Оның қорытындысы Алматы қаласында өткен жиында шығарылды. Мұны Ішкі істер министрлігінде өткен брифингіде ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Арнайы операция нәтижесінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағында 900-ден астам есірткі қылмысы анықталды. 2,5 тонна есірткі тәркіленді, оның ішінде 19,5 келі героин, 856 келі апиын, 560 келі гашиш, 240 келі марихуана және 248 келі синтетика. 2800-ге жуық оқ-дәрі мен 48 қару табылды және тәркіленді. 5 есірткі зертханасы жойылды. 561 адам жауапқа тартылды», - деді ІІМ өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Қазақстан аумағында өткен операцияға Ұлттық Ұланның тікұшақтары, дрондары және жол талғамайтын әскери көліктері жұмылдырылды. Есірткіні тасымалдау жолдары мен арналарын жою үшін бірлескен мобильді топтар құрылды.
«Қазақстанның құқық қорғау және арнаулы органдарымен 94 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде 17 фактісі контрабанда бойынша. Заңсыз айналымнан 455 келі түрлі есірткі, оның ішінде 53 грамм героин, 173 келі марихуана, 2,2 келі гашиш, 18 келі синтетика тәркіленді. 3 есірткі зертханасы жойылды. 147 адам жауапқа тартылды», - деп мәлім етті Шұғыла Тұрлыбек.