Болат Тілепов Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры болды

Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің бұрынғы меңгерушісі Болат Тілепов Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Болат Тілепов
Фото: Үкімет

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ұжымына жаңа ректорды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек таныстырды.

Болат Тілепов тұңғыш жоғары оқу орнының қабырғасында диссертация қорғап, Абай атындағы ҚазҰПУ заң факультетінде оқытушы болып жұмыс істеді.
Жаңа басшының еліміздің қоғамдық-саяси және ғылыми салаларында тәжірибесі мол: «Стратегия» талдау орталығы» қоғамдық қорының сарапшысы, Әлеуметтік-саяси зерттеулер ғылыми-зерттеу институты мен Саяси технологиялар орталығында аға ғылыми қызметкер болған.

Ішкі саясат департаментінде, Алматы және Астана қалаларының Ішкі саясат басқармасында, ҚР Қорғаныс министрлігі Әкімшілік департаментінде басшылық лауазымдарында жұмыс істеді.

ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі қызметінде, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде жұмыс істеп, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің басшысы лауазымдарында қызмет атқарған.
Саясат Нұрбек университет ұжымын 95 жылдық мерейтойымен құттықтап, еліміздің жетекші педагогикалық жоғары оқу орнының дамуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін университеттің бұрынғы басшысы, қазіргі ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Дархан Біләловқа алғысын білдірді.
Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орнының жаңа басшысына табыс тіледі.

Министр Болат Тілеповтың басшылығымен университет білім беру мен ғылыми зерттеулердің жоғары стандарттарын жаңғырту мен оған қол жеткізу жолын жалғастырып, 95 жылдық бай тарихы бар оқу орнының дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар