ДСМ Талғарда дәрігерлерді соққыға жыққандарды жазалауды талап етті
Денсаулық сақтау министрлігі Талғар аудандық орталық ауруханасында қызметін атқарып жүрген медицина мамандарына жасалған зорлық-зомбылыққа пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Реаниматолог пен мейіргер пациенттің агрессивті туыстарының шабуылынан ауыр жарақат алды.
«Осы әрекетке құқық қорғау органдары тарапынан тиісті баға беріліп, шабуыл жасаған адамдар заң талаптары бойынша жазалануға тиіс. Дәрігерлерге жасалған мұндай қаскүнемдік шабуыл, ауыр пациенттерге медициналық көмек көрсететін аурухананың жұмысына араласуға мүлдем жол берілмейді және адамгершілікке жатпайды»,- деп атап өтті министрліктен.
Ведомство мәліметінше, денсаулық сақтау жүйесінде пациенттер мен дәрігерлердің қауіпсіздігі, науқастарға медициналық көмек көрсету үшін жағдай жасау әрқашан алдыңғы қатарда тұрады.
«Басым міндет - зардап шеккен дәрігердің және басқа қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бүкіл күш-жігерді зардап шеккен медицина қызметкерлерінің өмірі үшін күреске бағыттау, ал медициналық ұйымда басқа шұғыл пациенттерге көмек көрсету үшін қауіпсіз жағдай жасау. Әріптестеріміздің тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз»,- делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің міндетін орындау кезінде оларға зорлық-зомбылық жасалған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, медицина қызметкерлерін құқықтық қорғау, қауіпсіздік және мәртебесін нығайту бастамасын көтереді.
Заңнамаға енгізілген өзгерістер Парламент Мәжілісінде қаралады.
Бұған дейін Талғар аудандық ауруханасында әкесінің қайтыс болғанын естіген ұлдары медицина қызметкерлеріне күш көрсетіп, марқұмның денесін алып кеткенін жазған болатынбыз.