СҚО шошқа фермасындағы 4 адамның қазасы: Жұмыс берушінің кінәсі 80% дәлелденді
Солтүстік Қазақстан облысында шошқа өсіретін кешенде мерт болған 4 жұмысшыға қатысты тексеріс қорытындысы шықты. Жұмыс берушінің кінәсі 80% дәлелденді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мәліметінше, уәкілетті орган тергеу жүргізіп, Тайынша ауданы Новоивановка елді мекеніндегі шошқа кешенінде болған оқиғаға кімнің кінәлі екенін анықтады. Естеріңізде болса, тамыз айының басында шошқа бордақылау алаңында 8 метрлік кәріз құдығын тазалау кезінде төрт жұмысшы, алдын ала болжам бойынша, улы газға тұншығып мерт болған еді.
«Жұмыс берушінің кінәсі 80% дәлелденді. Технологиялық процестердің сақталмағандығы, еңбек қауіпсіздігі бойынша оқытудың жеткіліксіздігі, жұмыстың жеткілікті деңгейде ұйымдастырылмауы, жұмысшылардың жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен қамтамасыз етілмеуі, машина, қондырғы, механизмдердің жеткіліксіздігі анықталды. Ал қалған 20% - қаза тапқан жұмысшылардың қауіпсіздік ережелерін өрескел түрде сақтамауынан. Олар қорғану құралдарының бір бөлігімен қамтылған, бірақ оны жұмыс барысында қолданбаған», - дейді басқарманың еңбекті қорғау және қауіпсіздікті бақылау бөлімінің басшысы Азат Күшербаев.
Іс материалдары аудандық полиция бөліміне жіберілді.