Абай облысы тұрғынынан сібір жарасына екінші рет сынама алынды

Абай облысы Бесқарағай ауданы Жетіжар ауылының тұрғыны сібір жарасына қатысты екінші рет тереңдетілген қан анализін тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай облысы тұрғынынан сібір жарасына екінші рет сынама алынды
Фото: ҚазАқпарат

«Клиникалық мәліметтерді ескере отырып, сібір жарасының алдын ала диагнозы қойылды. Болжам бойынша, бұл –жараның терідегі орташа ауырлықтағы түрі. Алайда ПТР сынамасының қорытындысына сәйкес диагноз расталмады. Соған орай ол екінші рет тереңдетілген қан анализін тапсырды. Бұл талдаудың қорытындысы 12 қазанда алынады. Осы уақытқа дейін Бесқарағай ауданы Жетіжар ауылдық округіне қарасты Жетіжар ауылында төтенше жағдай режимі енгізілді», - дейді Абай облысы әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков.

Еске салсақ, осыған дейін Абай облысындағы бір ауылда төтенше жағдай жарияланғаны хабарланған.

Жетіжар ауылының тұрғыны сібір жарасы ауруына шалдыққан деген күдікке ілінген.

Қазір Жетіжар ауылының кіре берісіне санитарлық бекет орнатылып, ауылдан ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруға уақытша шектеу қойылды.

Соңғы жаңалықтар