Ким Чен Ынның Ресейге 6 күндік сапары аяқталды
Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын жексенбі күні Ресейдегі 6 күндік сапарын аяқтап, өзінің брондалған пойызымен үйіне қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.

Ресейлік БАҚ-тың мәліметінше, Ким Чен Ын мінген пойыз Ресейдің алыс шығысындағы Артем қаласынан жолға аттанған. Пойызды бірқатар ресейлік шенеунік шығарып салды, деп жазды РИА Новости.
К.Ын қоштасарда қол бұлғап, құрметін білдірді.
Еске салайық, КХДР көшбасшысы Ресей президенті Владимир Путиннің шақыруымен Ресейге барған болатын. Екі ел арасында әскери серіктестік орнауы мүмкін деген алаңдау үдеп тұрған сәтте, олар сәрсенбі күні «Восточный» ғарыш айлағында саммит өткізді. Путин Ресейдің Амур облысындағы ғарыш орталығында жоғары дәрежеде өткен келіссөзден кейін жергілікті жаңалықтар арнасына КХДР-мен әскери-техникалық байланыс орнауы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар ол Ким Чен Ын Ресейдің ракеталық технологияларына аса қызығушылық танытқанын мәлім етіп, КХДР-ге дербес спутнигін құрастыруға көмектесуге уәде берді.
КХДР мамыр, тамыз айларында орбитаға әскери тыңшы-спутникті ұшыруға талпынды, бірақ екеуі де сәтсіз аяқталды. Ал үшінші тыңшы-спутникті қазанда ұшыруға бел буып отыр.
Айта кетейік, бұл – Ким Чен Ынның билікке келгелі шет мемлекетке жасаған ең ұзақ сапары. Жолға кеткен уақытты есептесек, Солтүстік Корея көшбасшысы Ресейде 8 күн болған.