Александр Бублик жұптық сында Қытайдағы жарыстың ширек финалына өтті
Қазақстандық Александр Бублик жұптық сында Чэнду (Қытай) ATP 250 турнирінің ширек финалына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші сербиялық Миомир Кецмановичпен бірге бастапқы кездесуін колумбиялық Даниэль Элахи Галан – Перу өкілі Хуан Пабло Варильяспен сәтті өткізді.
Бірінші партияда Бублик – Кецманович 6:4 есебімен басым түссе, екінші сетте тіпті бет қаратпады – 6:0. Бір сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында олар 1 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды.
А.Бублик – М.Кецмановичтің ширек финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Қазақстандық теннисші жүлде қоры 1,1 млн АҚШ долларынан асатын жарыста жекелей сында да өнер көрсетеді.
Әлемнің 29-ракеткасы А.Бубликтің алғашқы қарсыласы – дүниежүзілік рейтингте 64-сатыда тұрған америкалық Маркос Гирон.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Қытайдағы турнирді жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.