19:33, 23 Маусым 2016 | GMT +5
1,2 млн. астам теңге мемлекет қаржысын жымқырған балабақша есепшісі сотталды - БҚО
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Теректі аудандық №2 сотының үкімімен «Бөбек» мектепке дейінгі ұйымының есепшісі ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлігі (сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін ірі көлемде иемдену немесе ысырап ету, яғни жымқыру) бойынша айыпты деп танылып, оған ҚР ҚК 63-бабы қолданыла отырып, мүлкін тәркілеусіз бес жылға бас бостандығынан шартты түрде айыру жазасы кесілді.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сотталушы К. аталған мекемеде есепші қызметін атқара жүріп, 2015 жылдың мамырынан 2016 жылдың ақпанына дейін бухгалтерлік құжатқа жалған мәліметтер енгізген. Атап айтқанда, өзінің қалауы бойынша жалақысын, аурулығы жөніндегі және іссапар шығындарын өсіріп жазған. Сөйтіп мемлекетке 1 238,170 мың теңге залал келтірген. Жымқырған қаржыны өз қажетіне жұмсаған. Ол өз есепшотына негізсіз ақша аударған кезде «Бөбек» мектепке дейінгі ұйымының басшысына тіркелген электронды сандық қолды пайдаланған.
Сотталушыға пробациялық бақылау орнатылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.