1,3 млн. астам теңге жымқырған пошта қызметкері бес жылға сотталды - БҚО

Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бұған «Қазпошта» АҚ қызметкерлерінің ақша қаражатын ұрлағандығы себеп болған. Прокурорлық тексеріс материалдары негізінде БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті ҚР ҚК 176-бабы 3-бөлігі «б» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Тергеу барысында Жалпақтал пошта бөлімшесінің бас кассирі А.Зайнуллинаның биылғы 26 ақпанда сеніп тапсырылған мүлікті ұрлау мақсатында өз жұмыс орнында отырып, «Colvir» бағдарламасы арқылы кассалық шығыс ордері бойынша бекіту түрінде Көктерек ауылының пошта байланысы бөлімшесіне Сатыбалды мектебінің қызметкерлеріне биылғы ақпан айындағы жалақысы үшін 3 млн. теңгені «жолдағаны» белгілі болды. Алайда шын мәнісінде А.Зайнуллина ақшаны пошта бөлімшесіне жібермей, жымқырған, оның бір бөлігі - 1 342 100 теңгесін өз қажетіне жұмсаған.
Сот үкімімен А.Зайнуллина айыпты деп танылып, мүлкін тәркілеумен бірге бес жылға бас бостандығынан айырылды.