1 500 ауылдан айырылдық – депутат
Үкімет ауыл халқының өмір сапасын жақсарту үшін бірнеше реформа жүргізді. Әкімдер сайлауы, жеке бюджет, интернетпен қамту, кәсіпке мүмкіндік...

Енді нәтижені сараптайтын уақыт жеткен секілді. Осы орайда Kazinform тілшісі Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Саурықовпен бірге тақырыпты тарқатты.
– Әрине, нәтиже бірден байқалмасы анық. 2021 жылы алғашқы 700-ден астам әкім сайланды, 2000-нан астам азамат сайлауға үміткер болу үшін өтінім берді. Бұл көрсеткіш өте аз, әділ бәсеке үшін бір орынға кемінде 3-4 үміткер болуы керек. Бәсеке болған жерде даму бар. Ал бір лауазымға екі үміткер ғана болса, қандай бәсеке болсын. Сондықтан алғашқы қадам нәтиже берді деп айту қиын. Бірақ бұл өзгеріс – демократияға бастаған қадам.
Айтарлықтай өзгеріс болмауының бір себебі бюджетті басқару құрылымында жатыр. Әкімдер қол астындағы бюджетті өзі игере алмай отыр. Әлі күнге дейін облыс немесе аудан әкімдері ауыл бюджетіне басшылық жасайды. Салдарынан ауыл әкімдерінің статусы көтерілмей келеді.
– Ауыл әкіміне үміткер саны аз дедіңіз. Бұл үрдіске не себеп? Үміткерлерге қойылатын талап жоғары ма әлде халық саяси науқанға құлық танытпай отыр ма?
– Екі фактор да әсер етуде. Халықтың сайлау жүйесіне деген сенімі аз. Көбінің ойы «мен бармасам да сайлау өтеді», «дауысым есептеліп жатыр ма!?» деген сыңайда. Құлшыныс азаюына да әсер етті. Сондықтан елдің сайлау жүйесіне деген көзқарасын дұрыстау қажет. Бұл көп уақытты талап етеді.

Үміткерге қойылатын талапқа келсек, бастапқыда әкім сайлауы ережесінде шикілік болғаны рас. Кейін өзгерістер енді. Мысалы, үміткердің кемінде 1 жыл мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі болуы керек деп бекіткен болатын. Осы талаптың салдары ауыл ахуалымен жақсы таныс, алайда мемлекеттік қызметті атқармаған қаншама азаматтың сайлауға қатысуына кедергі болғанын білеміз. Кейін үміткердің шаруа қожалығы немесе ЖШС-дағы басшылық қызметі балама нұсқа ретінде қарстырылды. Сондықтан сайлау талабының қазіргі нұсқасы біршама жеңілдеді әрі қолайлы деп айтуға негіз бар.
– Сайлауда жеңіске жету үшін кей үміткер алаяқтыққа барады дегенді естиміз. Мәселен, кейбіреу алдын ала келісіп, өзімен бірге сайлауға түсетін азаматты дайындайды. Оның міндеті – басты үміткердің жеңіске жетуі үшін көзбояушылық танытып, науқанда бой көрсету. Жалған үміткердің белсенділігі төмен болады, тіпті үгіт-насихат та жүргізбейді. Олқылықты жою үшін қандай қадам жасаған жөн?
– Мойындау қажет, мұндай жағдай бар. Халықтың саяси науқанға қатысу мәдениеті ғана мәселені шешеді деп санаймын. Әсіресе, қоғамдық интитут, ҮЕҰ өкілдері, ауыл тұрғындары тарапынан бақылау жасау маңызды. Сондай-ақ демократиялық құндылық бекігенде ғана шынайы бәсекеге қол жетеді. Бұл бір күндік жұмыс емес, жүйелі жетілуді талап етеді. Демократия ұстанымы дамыған Еуропаның өзі бүгінгі сайлау моделіне бір мезетте келе қалған жоқ.
– Төртінші деңгейлі бюджет елді мекеннің басқаруына берілгенімен, ауыл дамуында өзгеріс байқалмайды. Кемшілікті Үкімет те мойындап отыр, бюджет түсімін көбейту үшін қосымша кіріс көзін әзірлеу керек шығар деген де ұсыныс айтылды. Сіздің пікіріңізше, кемшілік кіріс көзінде ме?
– Ауыл бюджетін қалыптастыруға бірнеше жағдай әсер етеді. Ауданға бағытталған инвестиция ауқымы, жаңа жұмыс орны, бағдарламалар арқылы ауылға берілетін қаржы көлемі шешуші рөл атқарады. Десе де елді мекеннің дамымауы – кіріс көзі емес, аудан әкімдерінің шектен тыс бақылауының салдары. Яғни тағайындау арқылы билікке келген ауыл әкімдері облыс немесе аудан басшысына жалтақтап, дербес жұмыс істей алмайды. Ал басшылыққа сайлау арқылы келген азамат ауыл бюджетін тұрғындардың игілігіне қажетті бастамаға еркін бағыттай алады. Президенттің ауыл әкімдерін сайлау идеясының негізі осында жатыр. 2025 жылдан бастап барлық аудан мен қалалардың әкімдері сайланатынын ескерсек, мәселенің шешілуіне көп уақыт қалған жоқ.
– Өткен жылы ауыл мектептеріндегі білім деңгейіне қатысты депутаттық сауал жолдаған болатынсыз. Хат мәтінінде елді мекен оқушыларының Назарбаев университеті мен шетелдік ЖОО-ға оқуға түсуі үшін тегін онлайн пәндік курстар ашуды ұсындыңыз. Көтерілген мәселе шешім тапты ма?
– Ауыл мектебін бітірген балалардың жетекші шетелдік ЖОО-ға оқуға түсуге мүмкіндігі бола бермейді. Себебі қосымша білім беретін немесе шетелдік университеттерге түсуге көмек көрсететін орталықтың басым дені ірі қалаларда орналасқан. Көбі ақылы, жекеменшік. Сол үшін ауылдағы ағайын жоғары сынып оқитын баласын қалаға жіберуге тырысатынын байқаймыз. Бұл үрдіс ауыл халқының санының азаюына әкеліп отыр.
Тәуелсіздік алғалы 1 500-ге тарта ауыл жабылды. Қазіргі қалғаны – 6 мыңнан аса ауыл. Оның 30-40 пайызының әлеуметтік-экономикалық халі мүшкіл. Сондықтан ауылдарды тұрақтандыру, жастарды ауылға әкелу, елден шыққан баланың туған жеріне қайта оралуына жағдай жасау бағытында осы бастаманы көтердім.
Өкініштісі, мәселе толық шешілген жоқ. Оған бірнеше себеп бар. Біріншісі, ауыл мектептерін толық интернетпен қамти алмай отырмыз. Мысалы, Мойынқұм ауданында (Жамбыл облысы – ред.) 26 мектеп бар. Аудан орталығында орналасқан 3 мектепте интернет қуаты орташа деңгейде болса, шалғай ауылдардағы мектептерде интернет қуаты небары 6-8 мбит/с. Көп мектепте 1 ғана компьютер интернет желісіне қосылған. Талапқа мүлде жауап бермейді деген сөз.
Екінші мәселе – кадр тапшылығы. Әдепкіде облыс орталықтарындағы арнайы мектептердің (ЖОО-ға дайындайтын білім беру нысандары) филиалын ауданнан ашу ұсынысы болды. Алайда аудандарды маман тапшылығы бар, сондықтан жобаны жүзеге асыруға кешеуілдеді.
Соңғы себептің бірі ретінде қосымша сабақты атар едім. Елді мекендегі мектептерде жоғары сынып оқушыларын Назарбаев Зияткерлік мектебі, Дарынды балаларға арналған мектептер желісі мен «Білім-Инновация» лицей-интернатына дайындайтын қосымша сабақ жоқ. Оған тағы да маман тапшылығы кедергі. Мектептің өзіне педагогтер жетпей тұрған уақытта қосымша сабаққа мұғалім табу оңай емес. Сондықтан аталған себептердің түйіні тарқамай, ұсыныс жүзеге аспайтын секілді.