1,9 млн. адамның зейнетақысын арттыруға 40,6 млрд. теңге жұмсалады
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, заң жобасы Мемлекет басшысының 2014 жылғы 14 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктеген тапсырмаларын іске асыруға бағытталады. Оның ішінде зейнетақы төлемдерін арттыру көзделеді. «Мәселен, базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшерін және ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін тағайындалған адамдардың зейнетақысын, осы жылдың басынан бастап арттырылғанын қоса есептегенде 12 пайызға дейін, еңбеккерлік зейнетақыларын - 14 пайызға дейін арттыру көзделген. Осыған байланысты, зейнетақыны есептеу үшін қолданылатын табыстың шамасын ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап 39-дан 41 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейту қарастырылады. Бұл зейнетке ағымдағы жылдың 1 сәуірінен кейін шығатын адамдардың зейнетақысын, зейнетке бұған дейін шыққан адамдардың зейнетақы төлемімен теңестіруге мүмкіндік береді. Қабылданатын шаралар базалық зейнетақы төлемінің мөлшерін 10 450 теңгеге дейін, еңбек зейнетақыларының мөлшерін (базалық зейнетақы төлемін қоса алғанда) 46661 теңгеге дейін көбейтуді қамтамасыз етеді», - дейді Тамара Дүйсенова.
Оның айтуынша, бүгінгі күні зейнеткерлердің саны 1,9 млн. адамды құрап отыр. Олардың зейнетақысын арттыруға қосымша қаржы 40,6 млрд. теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, заң жобасымен мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін 2014 жылғы 1 сәуірден 12 пайызға, 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 25 пайызға арттыру қарастырылады.
«Егер бірінші топтағы мүгедек өткен жылы 25 378 теңге алған болса, 2015 жылғы 1 шілдеден бастап оның жәрдемақысы 38 028 теңгені құрайды. Жәрдемақылар мен зейнетақы төлемдерінің арақатынасы өзгереді. Мәселен, ағымдағы жылы бірінші топтағы мүгедектің жәрдемақысы орташа зейнетақы мөлшерінің 60,1 пайызын құраса, ол өскеннен кейін 76 пайызын құрайтын болады. Мұндай төлемдерді арттыру 650 мың адамды қамтиды және ағымдағы жылға қосымша 6,3 млрд. теңге қаражат қарастырылатын болады», - деді министр.
Сонымен қатар, заң жобасына сәйкес, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылардың мөлшері де 12 пайызға дейін арттыру көзделеді. 386 мыңдай отбасына берілетін бұл жәрдемақыларды көбейту үшін бюджеттен қосымша 2,8 млрд. теңге қарастырылады. Бұдан бөлек, азаматтардың жекелеген санаттарына арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар мен Семей сынақ полигонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен адамдарға біржолғы ақшалай өтемақы да 12 пайызға дейін артады.