1 адам қаза болып, екеуі жарақаттанды: ШҚО моншасындағы апатты комиссия тексеруде
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы моншада қазандықтың жарылуына қатысты арнайы комиссия тексеру жүргізеді, деп хабарлайды Kazinform.

14 қазанда Зайсан қаласындағы қоғамдық моншада жылыту қазандығы жарылып, соның салдарынан бір адам қаза болып, екі адам жарақат алған еді.
ШҚО әкімдігінің мәліметінше, өңір басшысы Ермек Көшербаев Зайсан ауданына барып, жедел кеңес өткізді.
«Арнайы құрылған комиссия жазатайым оқиғаны тексеруге кірісіп кетті, ең алдымен инженерлік зертхананың анықтаушылары мен қызметкерлері қоғамдық моншадағы жылу қазандықтың жарылу себептерін анықтайды», – дейді әкім.
Ермек Көшербаев марқұмның отбасына барып, көңіл айтты.
«Серік Намазбаев көпбалалы отбасының отағасы еді, ең кішкентай қызы Айсұлу 9 айда. Зардап шеккен екі адам аудандық ауруханада, оларға медицина қызметкерлері қажетті көмек көрсетіп жатыр», – деді аймақ басшысы.