1 қаңтар күні туған танымал қазақстандық тұлғалар

1 қаңтарда туған тұлғалардың негізгі бөлігі шығармашылық және өнер адамдары болғанын байқаймыз. Мәселен, осыдан 114 жыл бұрын қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеев (1904-1973) дүниеге келген. Сондай-ақ, 1 қаңтар - атақты кескіндемеші, ұлттық кәсіби бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың (1913-1998) туған күні.
Бұл күні дүйім қазаққа белгілі музыканттар мен композиторлар да көптеп туған. 1909 жылы көрнекті әнші, композитор, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ғарифолла Құрманғалиев (1909-1993) пен қобызшы-композитор, Сүгірдің шәкірті Жаппас Қаламбаев, 1904 жылы - қобызшы Дәулет Мықтыбаев (1904-1970), 1921 жыы - композитор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Композиторлар одағының мүшесі Қапан Мусин (1921-1970) дүниеге келді. Сонымен бірге, 1 қаңтарда қазақтың аяулы әншісі, халық және КСРО әртісі Роза Бағланова (1922-2011) мен эстрадалық әнші, МузАрт тобының мүшесі Сәкен Майғазиев (1975) дүниеге келген.
Қазақтың маңдайалды қос актрисасы да жаңа жылдың бірінші күнінде дүние есігін ашқан. 1914 жылы актриса, Қазақстан және КСРО халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лаураты Сәбира Майқанова (1914-1995), ал 1923 жылы актриса, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бикен Римова (1923-2000) туған. Тірі болғанда ол 95 жасқа толар еді.
Мемлекеттік билік өкілдері арасында да 1 қаңтар күні туғандар аз емес. Бүгін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев (1963), Астана қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин (1975), Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов (1976), ҚР Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф (1962) және қазақстандық белгілі бизнесмен, қоғам қайраткері, ірі меценат Нұралы Әлиев (1985) туған күндерін тойламақ.