1 қаңтар. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 1 қаңтарға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Жаңа жылдың бірінші күні

Қазақстан Республикасында 1, 2 қаңтар — Жаңа жыл мерекесіне орай демалыс күндері. 1 қаңтарды жылдың алғашқы күні ретінде ресми түрде Рим мемлекеттік қайраткері Юлий Цезарь бекіткен. Ол б. з. дейін 46 жылы Юлиан күнтізбесін енгізген. Бейбітшілік күні.

Бейбітшілік туралы Дүниежүзілік мінәжат ету күні

1967 жылдың 8 желтоқсанында Рим Папасы VI Павел әр жаңа жылдың бірінші күнінде атап өтуге қабылданған жаңа мерекені — Дүниежүзілік бейбітшілік күнін (католиктерде Бейбітшілік туралы Дүниежүзілік мінәжат ету күні) бекітті. 1969 жылдың 17 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Дүниежүзілік бейбітшілік күнін ресми мереке ретінде жариялады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1897 жылы Жетісу облысы бойынша статистикалық деректер жинау үшін Жетісу облыстық статистика комитеті құрылды. Ұйымның алғашқы атқарған іс-шараларының бірі — Верныйдың, Үлкен және Кіші Алматы стансалары тұрғындарының бір күндік санағын жүргізу болды.

1904 жылы Орынбор-Ташкент теміржолымен пойыздар қатынай бастады. 1906 жылғы 1 сәуірде теміржол толығымен пайдалануға берілді. Теміржолдың Қазақстаннан өтетін бөлігі қазір 1 600 километрге созылып жатыр.

1931 жылы ұзындығы 1 444 шақырымға созылған Түркістан-Сібір темір жол магистралі тұрақты пайдалануға берілді. Түрксіб Орта Азия мен Сібір аудандарын жалғастырып, экономиканың өрлеуіне өз үлесін қосты. Сонымен қатар, теміржол бойында жаңа жұмыс орындары ашылды.

1966 жылы «Шалқар» радиосы тыңдармандарымен қауышты. «Шалқар» — Қазақ радиосының тек қана мемлекеттік тілде хабар тарататын бөлімшесі.

1980 жылы Алматы сәулет-құрылыс институты (қазіргі Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясы) құрылды. Институт Қазақтың политехникалық институтының сәулет және инженерлік-құрылыс факультеттерінің және Бүкілодақтық сырттай инженерлік-құрылыс институтының Алматы филиалының негізінде құрылды. 1992 жылдан қазіргі атымен аталады. Отыз жылдан бері институтта 10 мыңнан аса жоғары дәрежелі мамандар дайындалды.

1992 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты құрылды. Институттың алғашқы сабағы 1992 жылғы тамыз айында басталды. Аталған білім ордасы «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, Қазақстандағы және Орта Азиядағы халықаралық стандартқа сай орта және жоғары білім беру базасында мамандар даярлайтын жоғары білім беру көшбасшысы болды.

1993 жылы Қазақстан мен Чехия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Қазақстан Республикасының Мажарстан және Чехия республикаларындағы елшілігі 1993 жылы ашылды, ал 1994 жылдың желтоқсанында Чехия Республикасының Қазақстандағы елшілігі ашылды. 1997 жылы Чехияда Қазақстан Республикасының Дипломатиялық миссиясы қызметін бастап, ол 2004 жылы елшілікке айналды.

1995 жылы Қазақстанда жаңа төлқұжат пен жеке куәлік енгізілді.

2003 жылы «Ақтау Теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істей бастады. «Ақтау Теңіз порты» АЭА-ның аумағы жалпы ауданы 2000 гектарға тең болатын 6 жекелеген жер учаскесінен тұрады. АЭА аумағында ерекше құқықтық режим бар, оған сәйкес АЭА аясында қызметін жүзеге асыратын кәсіпорындар салық төлеуден және кедендік төлемдерден босатылады.

2009 жылы Қазақстан Республикасы ресми түрде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) төрағалары «Үштігінің» құрамына кірді. ЕҚЫҰ-ның Рәсімдер ережелеріне сәйкес «Үштік» ұйымның қазіргі, алдыңғы және кейінгі төрағаларынан құралады.

2013 жылы Қазақстан Орталық Азияда энергетика, көмір, мұнай және газ секторларындағы ең ірі эмитенттерінің шығарындыларын шектеу үшін көмірқышқыл газы шығарындылары эмиссиясының жалпыэкономикалық жүйесін іске қосқан алғашқы ел болды.

2017 жылы Қазақстан ресми түрде Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметін бастады. БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстанның тағы бір байрағы ілінді. Қауіпсіздік кеңесінің барлық 15 мүшесі қатысқан бірінші отырысы 3 қаңтарда өтті.

2018 жылы Қазақстан өз тарихында алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалығын қабылдады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етудің халықаралық мәртебесі орасан зор. БҰҰ Жарғысына сәйкес, ҚК бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті сақтауға басты жауапты орган, оның шешімдеріне БҰҰ-ға мүше елдердің барлығы бағынуға міндетті.

2019 жылы Қазақстанда бейресми жұмыспен қамтылғандарға бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілді. Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу бейресми жұмыспен қамтылғандарға: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға және сомасы мен түрлері шектелмеген медициналық қызметтерге қол жеткізуге, медициналық мекемелерді таңдауға; жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға әрі жүйеге қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақы төлемін алуға; еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айырылған жағдайға, жүктілік пен босануға, бала асырап алуға, бала 1 жасқа дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер алуға мүмкіндік береді.

2020 жылы Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына 128 млн адам жазылған «National Geographic» әлемдік басылымы дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі жаңажылдық отшашулардың фотосуреттерін жариялады. Оған Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл өзенінің көпірі де кірді. Суретті танымал америкалық фотограф Джордж Штайнмец түсірген. Отшашу 1 қаңтарға қараған түні Есіл өзенінің жағалауында, Ботаникалық саябақ аумағында, Абылай хан даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысындағы саябақта сағат 00:00–де басталып, жеті минутқа созылды. Биіктігі — 210 метр, ені — 250 метр.

2021 жылы Қазақстанда қылмыстық процестің өкілеттікті нақты бөліп ажырататын үшбуынды моделі енгізілді. Енді прокурор қылмыстық процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарына қатысты басты процессуалдық шешімдерді келісетін болады.

2024 жылы ҰҚШҰ-ға төрағалық Қазақстанға өтті. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйым қызметінің басым бағыттарына тоқталды.

2024 жылы Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес «Ұлттық қор — балаларға» жобасы аясында балаларға төленетін төлемдер күшіне енді. Туғаннан бастап бағдарламаға қатысатын әрбір бала 150-160 АҚШ доллары көлемінде 18 жылдық төлем ала алады.

2024 жылы Аралды құтқару Халықаралық қорын басқару Қазақстанға өтті. Қазақстан реликтік су қоймасының проблемаларын шешуде Орталық Азия мемлекеттерімен де, басқа да халықаралық ұйымдармен және қаржы институттарымен әріптестікті тереңдетуді мақсат етіп отыр.

2025 жылы «QazaqGaz» ұлттық компаниясы Жамбыл облысындағы Малдыбай учаскесін игере бастады. Мемлекет басшысының табиғи газ ресурстық базасын кеңейту жөніндегі тапсырмасы аясында «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «QazaqGaz Барлау және Өндіру» ЖШС 2D және 3D сейсмикалық зерттеулерді, бұрын бұрғыланған ұңғымаларды қалпына келтіру мен игеруді, сондай-ақ жаңа барлау

ұңғымаларын бұрғылауды қамтитын барлау жобасын әзірледі.

2025 жылы Қазақстан ресми түрде БРИКС серіктес елі болды. Қазан саммитінің нәтижелерінің бірі БРИКС серіктес елдерінің санатын құру болды. Содан кейін бұл елдерге тиісті ұсыныстар жолданды. Олардың БРИКС серіктес елі болуға дайын екендігі туралы растаулар Қазақстаннан, сондай-ақ Беларусь, Боливия, Индонезия, Куба, Малайзия, Таиланд, Уганда және Өзбекстаннан алынды. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар ресми түрде БРИКС серіктес елі мәртебесіне ие болды.

2025 жылы 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес базалық зейнетақы болжамды инфляция деңгейіне сәйкес 6,5%-ға өсті. Ортақ зейнетақы 8,5%-ға өсті, бұл инфляция деңгейінен 2% жоғары.

Соңғы жаңалықтар