11:41, 26 Желтоқсан 2016 | GMT +5
1 қаңтардан бастап ШҚО-да электр энергиясына тарифтер көтеріледі
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында «Шыгысэнерготрейд» ЖШС 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр энергиясына тарифті 5, 5 % көтереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шыгысэнерготрейд» ЖШС тұтынушыларды электрмен үздіксіз қамтамасыз ету үшін тарифті көтеру мәжбүрлі шара болып отыр, - деп хабарлады компания.
«Бағаны көтерудің негізгі себептері: электр желілерін басқаратын қазақстандық «KEGOC» компаниясының электр энергиясын тасымалдау құны мен аталған ұйым көрсететін теңгеру қызметінің қымбаттауы және энергия беруші ұйымдардың тарифтерін көтеруі, тарифтерді дифференциациялаудан келген шығындар».
Компания-трейдердің хабарлауынша, соңғы рет электр төлемі 2015 жылдың 1 қаңтарында өзгерген. Екі жыл ішінде өңірдегі электр энергиясына тариф өзгеріссіз қалған және компания 2016 жылы ШҚО Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментіне тарифті көтеру туралы өтініммен 5 рет барған.