1 қараша. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 1 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

1 қараша. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform

51 жыл бұрын (1973) VIII сайланған Алматы қаласы мәслихатының депутаты Әміржан Әміржанұлы НӘБИЕВ дүниеге келді.

 НАБИЕВ Амиржан Амиржанович
Фото: Алматы қаласы мәслихаты

Алматы қаласында дүниеге келген. 1995 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМУ-ді «Психология» мамандығы бойынша, 2017 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді «Құқықтану» мамандығы бойынша заң ғылымдарының магистрі дәрежесімен бітірген.

Еңбек жолын 1999 жылы Ақтау қаласындағы «РМЗ» АҚ (Жөндеу-механикалық зауыты) маркетинг және басқару департаментінің директоры қызметінен бастады. 2009-2010 жылдары «Алматытеплокоммунэнерго» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болды. 2002 жылы «Атрикс-Строй» ЖШС құрылыс компаниясын басқарды.

«AMANAT» партиясының мүшесі.

2014-2016 жылдары V сайланған Алматы қаласы мәслихатының депутаты, 2016-2021 жылдары VI сайланған Алматы қаласы мәслихатының депутаты, Еңбек, жұмыспен қамту және көлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары, 2021-2023 жылдары VІI сайланым Алматы қаласы мәслихатының депутаты болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың наурыз айынан бастап атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен, ҚР Президентінің, ҚР Парламенті Сенатының, Алматы қаласы әкімінің Алғыс хаттарымен, «Заңғар» төс белгісімен, «AMANAT» партиясының Құрмет грамоталарымен, мерекелік медальдармен марапатталған. «Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты» атағына ие.

46 жыл бұрын (1978) Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Аслан КЕҢЕС дүниеге келді.

КЕНЕС Аслан
Фото: ҚМА

Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 2001 жылы ҚР ҰҚК Әскери институтын, 2013 жылы Халықаралық бизнес академиясын бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылы ҚР Президентінің Күзет қызметінде бастап, әр жылдары қаржы секторында түрлі лауазымда қызмет атқарған. 2019-2020 жылдары Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің жедел департаменті жедел басқармасының аға уәкілі, басшысы болып жұмыс істеген. 2020-2023 жылдары Қаржы мониторингі агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған. Қаржы мониторингі агенттігі жедел департаменті басшысының орынбасары лауазымын атқарды.

Қазіргі қызметін 2024 жылдың тамыз айынан бері атқарып келеді.

41 жыл бұрын (1983) «Қазатомөнеркәсіп-Даму» ЖШС Бас директоры Нұрбек Жәнібекұлы КӘРІБЖАНОВ дүниеге келді.

2007 жылы University College London «Bachelor of science - Economics» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2007 жылы «Толқын бидай» ЖШС бас экономисі, Livasiri&Co, Гонконгта ТМД елдеріндегі инвестиция мәселелері бойынша бас кеңесшісі, 2007-2008 жылдары «Қазына» ТДҚ» АҚ Инвестицияларды дамыту департаментінің менеджері, 2009-2011 жылдары «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС тау-кен және химия өнеркәсібіндегі инвестициялық жобалар департаментінің бас менеджері, 2011-2013 жылдары «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС тау-кен химия өнеркәсібіндегі инвестициялық жобалар департаментінің директоры, 2013 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Жаңа жобалар басқармасы инвестициялық жобалар жөніндегі бас менеджері, 2013-2015 жылдары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ инвестициялық жобалар басқармасының басшысы қызметін атқарған.

91 жыл бұрын (1933-2022) Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Табиғи ғылымдар академиясының академигі, заң ғылымының ұйымдастырушысы, теоретигі, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Мұрат Тәжімұратұлы БАЙМАХАНОВ дүниеге келген.

Алматы қаласында туған. Мәскеу Мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1962-1992 жылдары Философия және құқық институтының (Мемлекет және құқық институты) ғылыми қызметкері, ғылыми хатшысы, бөлім меңгерушісі, директор орынбасары, Институттың директоры болып еңбек етті. 1992-1995 жылдары ҚР Конституциялық сотының төрағасы, 1995-1996 жылдары «Қайнар» университетінің проректоры, 1996 жылы «Әділет» Жоғары құқық мектебінің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры, 1996-2002 жылдары «Қайнар» университетінің проректоры, заң факультетінің деканы қызметтерін атқарды. 2005-2008 жылдары Қазақ мемлекеттік заң университетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының меңгерушісі, 2008 жылдан Қазақ мемлекеттік заң университетінің жанындағы Ғылыми сараптама және талдау институтының директоры болды.

300-ден астам ғылыми еңбек жазған, соның 20-сы – монография. Қазақстан Республикасының Конституциясын, мемлекеттік басқару органдары туралы заң жобасын жазуға қатысқан. АҚШ, Франция, Бразилия және басқа елдерде өткен халықаралық конгрестерде баяндама оқыған.

ҚазКСР Жоғарғы кеңесінің медальдарымен, құрмет грамоталарымен марапатталған.

88 жыл бұрын (1936-2015) Қазақстанның халық әртісі, еңбек сіңірген өнер қайраткері, көрнекті композитор Базарбай Сағадиұлы ЖҰМАНИЯЗОВ дүниеге келді.

ЖУМАНИЯЗОВ Базарбай Сагидиевич
Фото: wikipedia.org

Батыс Қазақстан облысында туған. 1951-1955 жылдары Орал педагогикалық училищесінде, 1956-1958 жылдары Абай атындағы академиялық опера және балет театрының жанындағы хор студиясында білім алған. 1965 жылы Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) профессор Е.Г.Брусиловский класы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1964-1965 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында музыкалық редактор, 1965-1966 жылдары «Мектеп» баспасында музыка редакциясының меңгерушісі болды. 1966-1973 жылдары Алматы консерваториясында педагогикалық қызметпен шұғылданды, 1973-1984 жылдары Қазақстан композиторлар одағының екінші хатшысы, КСРО Композиторлар одағы басқармасының мүшесі, 1984-1987 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрының директоры, 1991-1998 жылдары Композиторлар одағының бірінші хатшысы қызметтерін атқарған.

Тұңғыш музыкалық шығармасы – «Жер» (О.Сүлейменов сөзіне жазылған) ораториясы. Сондай-ақ оның «Махамбет» операсы (1990 жыл), «Отан туралы кантата» (1972 жыл), «Еңбек даңқы» (1974 жыл), «Отан салтанаты» (1974 жыл), «Мерекелік шеру» (1980 жыл), «Достық» (1980 жыл), «Кең байтақ Отаным менің» (1988 жыл) кантаталары; «Халқым туралы ән» (1969 жыл), «Кек әні» (1978 жыл), «1731» атты вокалды-симфониялық поэмалары; «Дала» (1976 жыл) симфониялық картинасы; «Қуаныш» (1980 жыл) симфониялық күйі; симфониялық оркестрге арналған екі сюитасы (1985, 1987 жыл); «Айтыс» (1972 жыл) атты вокалды-хореографиялық композициясы, «Ақырзаман жастары» (Абай сөзіне, 1995 жыл), «Жамбыл тойы - ел тойы» (К.Салықов сөзіне жазылған, 1996 жыл), «Жамбыл - Құлмамбет» (Т.Молдағалиев, 1996 жыл) кантаталары және көптеген әндері мен романстары бар. 

Сазгер 10 спектакль мен 18 кинофильмге музыка жазды. Ол 1970 жылы Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын жер, енді!» атты поэмасына арнап жазған 5 бөлімді кантатасы үшін Бүкілодақтық жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды. 1986 жылы «Халықтар достығы» және 1999 жылы «Парасат» орденімен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар