1 қараша. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 1 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

28 октября. Календарь Казинформа «Даты. События»
Фото: Kazinform

77 жыл бұрын (1946) Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты, Қазақстанның құрметті кеншісі Аманғос Титауұлы ӨТЕГЕНОВ дүниеге келді.

Ақтөбе облысында туған. Рудныйда В. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институты филиалының тау-кен факультетін бітірген (1974), тау-кен инженері. Бірнеше авторлық куәліктер мен патенттердің авторы.

1974-1983 жылдары - «Екібастүзкөмір» ӨБ жол шебері, тау-кен шебері, учаске бастығы. 1980 жылдан - «Екібастұзкөмір» ӨБ бас айырым инженері. 1983-1985 жылдары - Екібастұз Қазақстан Компартиясы қалалық комитетінде бөлім меңгерушісі. 1985-1996 жылдары «Екібастұзкөмір» АҚ бас инженер, айырым директоры, басдиректоры, президенті. 1996-2004 жылдары - «Богатырь Аксесс Көмір» ЖІІІС бас директоры, бас директордың орынбасары. «Қазақстанның болашағы үшін» қоғамдық қорының жетекшісі.

2004-2007 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі ІІІ шақырылымының депутаты, №54 Павлодар облысының бір мандатты округі бойынша тіркелген, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі.

2007 жылдан бері - ҚР Парламенті Мәжілісі IV шақырылымының депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі.

«Құрмет» (2008), «Құрмет белгісі» ордендерімен; «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» (2006), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен марапатталған. «Шахтер даңқы» белгісінің толық кавалері. «Құрметті шахтер» атағын алды.

69 жыл бұрын Қазақстан Республикасы мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Бақытбек Бейсебайұлы ШАБАРБАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысының Көктал ауылында дүниеге келген. Алматы педагогикалық шетел тілдері институтын (1978), Халықаралық қатынастар дипломатиялық шетелдік қызмет академиясын (Пәкістан, 1997) бітірген.

Еңбек жолы: 1978-1988 жылдары Талдықорған облысы Кировский кентінде комсомол қызметінде, орта мектептің мұғалімі болды. 1994-2002 жылдары ҚР Пәкістандағы елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы, Карачидегі ҚР Консулдық пунктінде бірінші хатшы, кеңесші болды. 2002-2003 жылдары - ҚР СІМ консулдық қызметі департаментінің кеңесшісі. 2003-2004 жылдары - ҚР Дипломатиялық миссиясының кеңесшісі. 2004-2005 жылдары - ҚР Чех Республикасындағы елшілігінің кеңесшісі. 2005-2006 жылдары - ҚР Таиланд Корольдігіндегі уақытша өкілі - БҰҰ-ның ЭСКАТО жанындағы ҚР өкілі. 2006-2018 жылдары - ҚР Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Бангладештегі елшісі қызметін қоса атқарушы.

Бірнеше медальмен, ҚР СІМ құрмет грамотасымен марапатталған.

56 жыл бұрын (1967) Қостанай облысы Қарасу ауданының әкімі Виктор Николаевич РАДЧЕНКО дүниеге келді.

Чернигов облысында дүниеге келді. Қостанайдағы М. Дулатов атындағы инженерлік-экономикалық университетін, Қарағанды экономикалық университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1991-2001 жылдары электр монтері, электр бөлімшесінің ауысым бастығы, жылу электр орталығының ауысым бастығы, жылу электр орталығының бас инженері болып қызмет атқарды. 2001-2007 жылдары - Арқалық жылу электр орталығының директоры; 2007-2009 жылдары - Арқалық қаласы әкімінің коммуналдық мәселелер жөніндегі орынбасары, 2009-2013 жылдары - Қостанай облысы Лисаков қаласының әкімі; 2013-2014 жылдары - Қостанай қаласы әкімінің орынбасары; 2014-2015 жылдары - «Көкшетау жылу» ПВХ МКК бас директоры; 2015-2018 жылдары - Ақмола облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы; 2018-2019 жылдары - Ақмола облысы Ерейментау ауданының әкімі; 2019-2020 жылдары - Қостанай облысы Қостанай ауданының әкімі.

Қазіргі қызметін 2020 жылдан бастап атқарып келеді.

51 жыл бұрын (1972) «Альтернатива» зерттеу орталығының директоры Андрей Евгеньевич ЧЕБОТАРЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетін бітірген (1998), саясаттанушы, саясаттану пәнінің оқытушысы. Саясаттану ғылымдарының кандидаты (2008).

1991-1993 жылдары ҚР Әділет министрлігі Соттық сараптама институтының көліктік-трасологиялық сараптама бөлімінің лаборанты. 1994-1995 жылдары - ҚР Жоғарғы Кеңес депутатының көмекшісі. 1997 жылы - «Демократияға жәрдемдесу орталығы» мемлекеттік емес мекемесінің ақпараттық және кеңес беру бөлімінің меңгерушісі. 1997-1998 жылдары - «Демократия институты» мемлекеттік емес Ғылыми-зерттеу ассоциациясының бағдарламалар директоры. 1998-1999 жылдары - Алматы қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының қоғамдық бірлестіктермен жұмыс және жастар саясаты бөлімінің жетекші маманы, қоғамдық-саяси жұмысты талдау және үйлестіру бөлімінің бас маманы. 1998-1999 жылдары - «Политон» тәуелсіз ақпараттық агенттігінің талдаушысы. 2000-2001 жылдары - Орта Азия саяси зерттеулер агенттігі саяси талдау қызметінің жетекшісі. 2001-2004 жылдары «Транспаренси Қазақстан» ақпараттық-талдамалық қоғамдық қорының «Сыбайлас жемқорлықсыз қоғамға» журналының кеңесші-саясаттанушысы, бас редакторы. 2004-2006 жылдары - Ұлттық зерттеу институтының жобалар бойынша үйлестірушісі.

2006 жылдың қыркүйек айынан бері – «Альтернатива» зерттеу орталығының директоры. Қазақстанның Республикалық халық партиясының Атқарушы комитетінің мүшесі (1999-2002). «Қазақстанның құқықтық дамуы» қоғамдық бірлестіктің жауапты хатшысы (1994-1997). «Әріптестік - қоғамдық өзгерістерге демеушілікке» қоғамдық бірлестігінің төрағасы (1997-1999). «Сорос-Қазақстан» қорының Қамқорлық кеңесінің мүшесі (2010 жылдан). «Сорос-Қазақстан» қорының «XXI ғасыр журналистері» конкурсының 1-ші сыйлығының (1997); «ҚазТрансОйн» ұлттық компаниясы және «Комсомольская правда в Казахстане» газетінің «Өткен шақты мақтаныш тұтамыз, болашақты тудырамыз» журналистік жұмыстар конкурсының 3-ші сыйлығының лауреаты (2005). 2006-2014 жылдары - Посткеңестік кеңістіктегі қоғамдық-саяси процестерді зерттеу жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы (Ресей Федерациясы) бас директорының сырттай орынбасары; 2010-2013 жылдары - ҚР Президенті Қоры жанындағы Халықаралық экономика және саясат институтының сарапшысы; 2015 жылдан - ҚР Президенті – Елбасы кітапханасының геосаясат және аймақтық зерттеулер қызметінің ғылыми қызметкері; 2016 жылдан - «Almaty Management University» Мемлекеттік саясат және құқық жоғары мектебі мемлекеттік және қоғамдық саясат және құқық кафедрасының доценті. 2010-2013 жылдары - Сорос-Қазақстан Қорының Қамқоршылар кеңесінің штаттан тыс мүшесі; 2019-2020 жылдары - ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі; 2022 жылдан - ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтайдың депутаты.

30 кітаптың, қазақстандық және шетелдік мерзімді басылымдардағы, ғылыми басылымдар мен жинақтардағы 1000-нан астам мақаланың авторы (бірлескен авторы, құрастырушысы).

50 жыл бұрын (1973) VIII сайланған Алматы қаласы мәслихатының депутаты, Экономика, қаржы, активтер, мемлекеттік басқаруды дамыту және қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Әміржан Әміржанұлы НӘБИЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында дүниеге келген. 1995 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМУ-ді «Психология» мамандығы бойынша, 2017 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді «Құқықтану» мамандығы бойынша заң ғылымдарының магистрі дәрежесімен бітірген.

Еңбек жолын 1999 жылы Ақтау қаласындағы «РМЗ» АҚ (Жөндеу-механикалық зауыты) маркетинг және басқару департаментінің директоры қызметінен бастады. 2009-2010 жылдары «Алматытеплокоммунэнерго» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болды. 2002 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Атрикс-Строй» ЖШС құрылыс компаниясын басқарып келеді.

«AMANAT» партиясының мүшесі.

2014-2016 жылдары - V сайланған Алматы қаласы мәслихатының депутаты. 2016-2021 жылдары - VI сайланған Алматы қаласы мәслихатының депутаты, Еңбек, жұмыспен қамту және көлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары. 2021-2023 жылдары - VІI сайланым Алматы қаласы мәслихатының депутаты.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың наурыз айынан бастап атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен, ҚР Президентінің, ҚР Парламенті Сенатының, Алматы қаласы әкімінің Алғыс хаттарымен, «Заңғар» төс белгісімен, «AMANAT» партиясының Құрмет грамоталарымен, мерекелік медальдармен марапатталған. «Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты» атағына ие.

90 жыл бұрын (1933-2022) Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Табиғи ғылымдар академиясының академигі, заң ғылымының ұйымдастырушысы, теоретигі, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Мұрат Тәжімұратұлы БАЙМАХАНОВ дүниеге келген.

Алматы қаласында туған. Мәскеу Мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1962-1992 жылдары Философия және құқық институтының (Мемлекет және құқық институты) ғылыми қызметкері, ғылыми хатшысы, бөлім меңгерушісі, директор орынбасары, Институттың директоры болып еңбек етті. 1992-1995 жылдары ҚР Конституциялық сотының төрағасы, 1995-1996 жылдары «Қайнар» университетінің проректоры, 1996 жылы «Әділет» Жоғары құқық мектебінің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры, 1996-2002 жылдары «Қайнар» университетінің проректоры, заң факультетінің деканы қызметтерін атқарды. 2005-2008 жылдары Қазақ мемлекеттік заң университетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының меңгерушісі, 2008 жылдан Қазақ мемлекеттік заң университетінің жанындағы Ғылыми сараптама және талдау институтының директоры болды.

300-ден астам ғылыми еңбек жазған, соның 20-сы – монография. Қазақстан Республикасының Конституциясын, мемлекеттік басқару органдары туралы заң жобасын жазуға қатысқан. АҚШ, Франция, Бразилия және басқа елдерде өткен халықаралық конгрестерде баяндама оқыған.

ҚазКСР Жоғарғы кеңесінің медальдарымен, құрмет грамоталарымен марапатталған.

87 жыл бұрын (1936-2015) Қазақстанның халық әртісі, еңбек сіңірген өнер қайраткері, көрнекті композитор Базарбай Сағадиұлы ЖҰМАНИЯЗОВ дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. 1951-1955 жылдары Орал педагогикалық училищесінде, 1956-1958 жылдары Абай атындағы академиялық опера және балет театрының жанындағы хор студиясында білім алған. 1965 жылы Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) профессор Е.Г. Брусиловский класы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1964-1965 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында музыкалық редактор, 1965-1966 жылдары «Мектеп» баспасында музыка редакциясының меңгерушісі болды. 1966-1973 жылдары Алматы консерваториясында педагогикалық қызметпен шұғылданды, 1973-1984 жылдары Қазақстан композиторлар одағының екінші хатшысы, КСРО Композиторлар одағы басқармасының мүшесі, 1984-1987 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрының директоры, 1991-1998 жылдары Композиторлар одағының бірінші хатшысы қызметтерін атқарған.

Тұңғыш музыкалық шығармасы – «Жер» (О. Сүлейменов сөзіне) ораториясы. Сондай-ақ оның «Махамбет» операсы (1990 жыл), «Отан туралы кантата» (1972 жыл), «Еңбек даңқы» (1974 жыл), «Отан салтанаты» (1974 жыл), «Мерекелік шеру» (1980 жыл), «Достық» (1980 жыл), «Кең байтақ Отаным менің» (1988 жыл) кантаталары; «Халқым туралы ән» (1969 жыл), «Кек әні» (1978 жыл), «1731» атты вокалды-симфониялық поэмалары; «Дала» (1976 жыл) симфониялық картинасы; «Қуаныш» (1980 жыл) симфониялық күйі; симфониялық оркестрге арналған екі сюитасы (1985, 1987 жыл); «Айтыс» (1972 жыл) атты вокалды-хореографиялық композициясы, «Ақырзаман жастары» (Абай сөзіне, 1995 жыл), «Жамбыл тойы - ел тойы» (К. Салықов сөзіне, 1996 жыл), «Жамбыл - Құлмамбет» (Т. Молдағалиев, 1996 жыл) кантаталары және көптеген әндері мен романстары бар. Сазгер 10 спектакль мен 18 кинофильмге музыка жазды. Ол 1970 жылы Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын жер, енді!» атты поэмасына арнап жазған 5 бөлімді кантатасы үшін Бүкілодақтық жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды. 1986 жылы «Халықтар достығы» және 1999 жылы «Парасат» орденімен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар