1 қыркүйек. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 1 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

27 шілде. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform/Midjourney

ЕСІМДЕР

76 жыл бұрын (1948) Қазақстан Республикасының көрнекті мемлекет қайраткері Бақтықожа Салахитдинұлы ІЗМҰХАМБЕТОВ дүниеге келді.

Атырау облысында туған. Уфа мұнай институтын бітірген. Техника ғылымының докторы, ҚР Минералдық ресурстар академиясының, Халықаралық минералдық ресурстар академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының академигі.

Еңбек жолы: 1973-1983 жылдары «Қазмұнайгазбарлау» басқармасының аға инженері, техникалық мөлшерлеу және еңбекті ғылыми ұйымдастыру отрядының бастығы, зертхана меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары. 1983-1987 жылдары Совет Одағының Йемендегі мұнай барлау экспедициясының аға инженері. 1987-1991 жылдары Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі, Атырау тәжірибелік-әдістемелік экспедициясының бас технологы, бастығы. 1991-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі терең ұңғымаларды игеру және бұрғылау технологиялары бөлімінің бастығы, Мұнай және газ басқармасының бастығы. 1993-2003 жылдары «ҚазақТүрікМұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі біріккен кәсіпорынының бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамының теңіз жобалары жөніндегі атқарушы директоры, «Қазмұнайтеңіз» теңіз мұнай компаниясы» жабық акционерлік қоғамының бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамының біріккен кәсіпорын үлестерін басқару жөніндегі басқарушы директоры. 2003-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар бірінші вице-министрі, министрі қызметтерін атқарған. 2007 жылғы тамыздан 2012 жылғы қаңтарға дейін Батыс Қазақстан облысының әкімі. 2012 жылғы қаңтардан тамыз айына дейін ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары. Кейіннен Атырау облысының әкімі (2012-2016), ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы (2016 жылғы наурыз-маусым) қызметтерін атқарды. «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі (2016 жылдан). Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі (2016-2021).

«Құрмет» орденімен марапатталған.

64 жыл бұрын (1960) VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Павлович РАУ дүниеге келді.

Қостанай облысының Таранов ауданында туған. Рудный индустрия институтын, РФ Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.

1992-1993 жылдары Лисаков қалалық кеңесінің төрағасы. 1993-1994 жылдары Лисаков қалалық әкімшілігі басшысының орынбасары. 1994-2004 жылдары Лисаков қалалық әкімшілігінің басшысы, әкімі. 2004-2006 жылдары Қостанай облысы әкімінің орынбасары. 2006-2007 жылдары «Сарыарқа» ӘКК директорлар кеңесінің төрағасы. 2008-2010 жылдары Ақмола облысының әкімі қызметтерін атқарған. 2010-2014 жылдары ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің бірінші вице-министрі. 2014-2016 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары. 2016-2017 жылдары ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі.2017-2021 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.

2023 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

2-дәрежелі «Достық» орденімен, 3-дәрежелі Барыс орденімен, «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.

58 жыл бұрын (1966) ҚР ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы Еркін Советбекұлы БОТАҚАНОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. 1987 жылы Кеңес Одағының Маршал атындағы Алматы жоғары командалық училищесін, 2003 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясын, 2014 жылы Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын аяқтаған.

Еңбек жолы: 1987 жылдан бастап 2009 жылға дейін взвод командирінен Ішкі әскерлер құрамының командиріне дейін түрлі лауазымдарда қызмет етті. 2009-2010 жылдары Ішкі әскерлер Қолбасшысының орынбасары - Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері комитетінің төрағасының орынбасары. 2010-2013 жылдары Ішкі әскерлер қолбасшысының бірінші орынбасары - Бас штаб бастығы - Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері комитетінің төрағасының орынбасары.2013 жылғы мамырдан шілдеге дейін Ішкі әскерлер бас қолбасшысының бірінші орынбасары - Бас штаб бастығы - Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері комитетінің төрағасының орынбасары. 2014 жылғы 16 шілдеден бастап - Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы. 2020 жылдың 7 тамыздан бастап – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының Бірінші орынбасары – Бас штабының бастығы.

2022 жылғы 19 қантардан бастап Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрінің орынбасары – Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы.

II дәрежелі «Даңқ» орденімен, ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, Қазақстан Республикасының 15 медалімен, Беларусь Республикасының 2 медалімен, СССР-дің 1 медалімен, Тәжікстан Республикасының 2 медалімен, Қырғыз Республикасының 1 медалімен марапатталған.

46 жыл бұрын (1978) «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Ержан Уақасұлы ИБРАЕВ дүниеге келді.

Семей қаласында туған. Алматы жоғары әскери училищесін тактикалық мотоатқыштар әскерлерінің командирі мамандығы бойынша бітірген (1995); Жедел-тактикалық басқару (менеджмент) мамандығы бойынша Ұлттық қорғаныс университеті (2009); Ресей Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясы, мамандығы: «Ұлттық қауіпсіздік және мемлекеттік қорғаныс» (2020).

Еңбек жолы: лейтенанттан полковникке дейін әскери қызметтің барлық деңгейінен өтті; взвод командирінен әскерлер қолбасшысының орынбасарына дейін (1995-2017 жылдары) түрлі лауазымдарда қызмет етті.

2023 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде.

103 жыл бұрын (1921-2006) қазақ ғалымы, геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Александр Скочинский атындағы сыйлықтың иегері Мағауия Әлімханұлы ЕРМЕКОВ дүниеге келген.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ тау-кен институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті), осы институттың аспирантурасын бітірген.

1950-1958 жылдар аралығында СССР көмір өнеркәсібі министрлігінің Қарағанды қаласындағы «Қазақкөмір геология» тресінде геолог, аға геолог, топ жетекшісі қызметтерін атқарады. 1958-1963 жылдар аралығында СССР көмір өнеркәсібі министрлігінің Қарағанды қаласындағы Қазақстан Ғылым академиясының химия-металлургия институтында кафедра меңгерушісі, 1963-1970 жылдар аралығында СССР көмір өнеркәсібі министрлігінің Қарағанды қаласындағы Қазақ тау-кен қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, зертхана бастығы, 1970-1989 жылдар аралығында Қарағанды политехникалық институтының (қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті) геология кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1989 жылдан Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің профессоры болды. Негізгі ғылыми еңбектері көмір алаптарындағы газды қабаттарды барлау, онымен күрес жүргізу мәселелеріне арналған. Қарағанды көмір бассейнінің газды қабаттарының картасын жасаған.

1-дәрежелі «Отан соғыс» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.