1-курс студенттерінің үстіне су құйған: Семейде әкімшілік іс қозғалды

Семей қаласында 1-курс студенттерін қабылдау кешін дүркіретіп өткізіп, халықтың мазасын қашырған 20 жастағы жігітке айыппұл салынды, деп хабарлайды Кazinform агенттігі.

студенттерді қабылдау
Фото: pexels.com

Абай облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, түнгі уақытта Семейдегі студенттерге арналған жатақхананың жанында жастар 1-курс студенттерін қабылдау кешін ұйымдастырған.

Қатты шыққан дауыстар жақын маңдағы үйлердің тұрғындарының мазасын қашырып, олар полицияға шағым түсірді.

«Тәртіп сақшылары 20 жастағы ұйымдастырушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 437-бабы 1-бөлігіне (жеке тұлғалардың демалуына және тыныштығына кедергі келтіретін шұғыл қажеттілікпен байланысты емес шуылмен сағат 22.00-ден 9.00-ға дейінгі тыныштықты бұзғаны үшін) сәйкес әкімшілік хаттама толтырды. Осы бап бойынша жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көрсеткіш (17 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады», – делінген ақпаратта.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан көрінгендей, жатақханаға алдында жиналған жастар бір-бірінің үстіне су шашып жатыр.

Жалпы жыл басынан өңір полицейлері түнгі тыныштықты бұзғаны үшін 1500-ге жуық адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан.

1-курс стеденттері
Фото: видеодан кадр

 

Соңғы жаңалықтар