1 қыркүйекте Жамбыл облысында 190 мыңнан астам оқушы партаға отырады

Облыстық білім басқармасынан хабарлағандай, жаңа оқу жылында бірінші сыныпта мектеп табалдығырығын тұңғыш аттайтын бірінші сыныптықтарды қоса алғанда, 190 мыңнан астам мектеп оқушылары партаға отырады.
«Өткен жылы жамбылдық балалар халықаралық деңгейдегі 16 олимпиадада және 7 ғылым жарыстарында 71 медальді (20 алтын, 22 күміс және 29 қола) жеңіп алды. Республикалық олимпиадаларда Жамбыл облысының есебінде 13 алтын, 12 күміс және 22 қола медальдарды иеленген 47 жүлдегер бар. Жамбылдық команда үшінші жыл қатарынан республикалық ғылыми жарыстарда бірінші орынға ие болып келеді», - деп әңгімеледі облыстық білім басқармасындағылар.
Бүгінгі таңда өңірдегі 51 колледжде техникалық және кәсіптік білім бойынша кадрлар даярлау 85 мамандықта жүргізіледі. Олардағы оқушылар саны 32 320 адам, оның 13 500-і мемлекеттің тапсырыс есебінен білім алуда. Облыстың 11 колледжінде дуалдық жүйе енгізілген. Бұдан әрі облыстың 23 колледжінде 20 мамандық дуалдық жүйе бойынша оқытылмақ.
Өңірде 2013 жылы білім беруді материалдық-техникалық қамтамасыз етуге 65 млрд. теңге, 2014 жылы - 75,3 млрд. теңге бөлінді.
Таразда өткен облыс білім қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз мәслихатында Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев білім - инфляцияға ұшырамайтын бірден-бір капитал екенін атап өтті.
«Жамбыл облысы халқының 36 пайызын 18 жасқа дейінгі балалар құрайды. Осынау мыңдаған жеткіншектердің арасында таяудағы 10 жылда ұлттық элитаны құрайтын біздің болашағымыз білім алуда», - деп атап көрсетті өңір басшысы.